Орман – табиғаттың сыйы. Адамдарға емдік әсер ететін, күші мен қайратын қалпына келтіретін, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінен эстетикалық ләззат алуға мүмкіндік беретін денсаулық қоймасы. Алайда жалғыз-ақ шырпыдан ұшқан оттың осы бар сұлулықты лезде күлге айналдыратынын адамдардың ұғына бермейтіні өкінішті-ақ.
Бүгінде облыста 15 орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі бар. Олар орман қорын күзету, молықтыру мен өсiру, қадағалау сынды қызметтер атқарады. Осылардың ішінде күзеттің басты міндетінің бірі – ормандарды өрт апатынан қорғау. Қазірде облыс әкімдігінің қарамағында орналасқан мемлекеттік орман қоры 4 млн. 100 мың гектар жерде орын тепкен. Орманды алқап аумағы 1,6 миллион гектарды құрайды. Мекемелер қазірде орман шаруашылығы іс-шараларын орындау мақсатында түрлі жабдықтармен қамтылған. Бұл өз кезегінде орман күзетін жүзеге асыруға және өртке қарсы тұруға мол мүмкіндік береді. Бұдан бөлек орманды күзету үшін 274 орман күтуші үйі, 819 дана мобильдік және стационарлық радиобайланыс бар. Десе де, оттың тілсіз жау екенін ұмытпаған абзал. Өрт орны толмас зиян келтіріп қана қоймай, орман алқаптарын барынша қысқарта түспек. Сөйтіп, орманның рекреациялық, егіс-топырақ қорғау және су сақтау қызметтерін бұзады. Сонымен қатар, апаттың салдарынан орман өсімдіктері ғана емес, көптеген аң-құс, олардың ұялары мен азық қоры, түрлі қажеттіліктен салынған құрылыстар, дайындалған сүректер, электр және байланыс желілері, халық шаруашылығы объектілері жойылады.
Орман өрті негізінен адамдардың кінәсінан туындайды. Ол орманда жұмыс істейтін және демалатын туристердің, жидек және саңырауқұлақ терушілердің, балық аулаушылар мен аңшылардың отқа ұқыпсыз қарауының нәтижесінде болады. Өрт қауіпі бар маусымға дайындалу мақсатында орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері өрт туындай қалған жағдайда олармен күресу үшін күштер мен құралдардың өзара іс-қимыл шараларының жоспарын әзірлейді. Оған аудан әкімдерінің және мемлекеттік орман қорымен жерлері шекаралас жатқан барлық заңды тұлғалардың және шаруа қожалықтарының қолдары қойылады. Осы іс-шаралар мақсатты түрде қаржылық жақтан қамтамасыз етіледі және олардың орындалуына бақылау жүргізіледі.
Орман өрттерін сөндіруден оның алдын алу әлдеқайда оңай. Өрт қаупі бар маусымда, яғни, қар ерігеннен бастап күзгі толассыз жауын-шашынға дейінгі мерзімде көп жайттарға көңіл бөліну керек. Ол үшін орман аумағында беталды от жақпауға, тұтану қаупі зор орындарда жанып тұрған шырпы мен темекі шоғын түсірмеуге, аң аулау кезінде тез немесе бықсып жанатын материалдардан жасалған оқ тығындарын пайдаланбауға дағдылану керек. Сонымен бірге, орман алаңқайларында, мемлекеттік орман қорының егістік далаларында және ормандарға іргелес жатқан учаскелерде от жағуға тыйым салынған. Осы ретте, табиғат жамылғыларын сауатты қорғаудың әдіс-тәсілін де айта кеткеніміз артық болмас. Жаңа басталып келе жатқан орман өрттерін байқаған жағдайда бірден су құю, жасыл бұтақтармен сабалау, құм және топырақ себу, таптау арқылы отты сөндіру шараларын қолданған жөн. Егер өз күштеріңізбен өртті сөндіру мүмкін болмағанда міндетті түрде орман күзеті қызметкерлерін, полицияны және жергілікті билік өкілдерін хабардар етіңіз.
Т. Тәжібеков,
облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу
басқармасының бөлім басшысы





