ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің Алакөл ауданындағы шекара басқармасында «Көктем – 2025» мерзімді әскери қызметшілерін запасқа шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бір жыл бойы Отан алдындағы борышын адал атқарған сарбаздар үшін бұл сәттін алар орны ерек. Сол себепті ұйымдастырылған салтанатты жиын жас жауынгерлерге жігер сыйлады.
Салтанатты шара барысында әскери қызметшілердің мінсіз тәртібі мен мемлекеттік шекараны күзетудегі қажырлы еңбегі ерекше атап өтілді. Басқарма басшылығы сарбаздарға алғыс айтып, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі. Әскери борышын өтеген жастардың Отанға деген адалдығы мен шыңдалған ерік-жігері замандастарына үлгі болып қала бермек.
Шекара шебінде шыңдалған жауынгерлер запасқа шығу сәтінде өздерінің командирлеріне және бірге қызмет еткен қаруластарына ризашылықтарын жеткізді. Отан қорғау қасиетті міндет екенін түсінген жас буын ендігі кезекте ел дамуының әр саласында еңбек етуге дайын.





