Талдықорғандағы «Жерұйық—Өрлеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтағы табиғи әрі таза өнімдерді өндіріп, сақтап, сатумен айналысатын белді кәсіпорындардың бірі.
«Оның қымбатшылық қысқан бүгінгідей тұста зат бағасының бет алды шарықтап кетуінің алдын алуда қосып отырған үлесі зор», –дейді өңір тұрғындары.
Осыған байланысты біз аталған кәсіпорнының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, жұрт пікіріне сай базар нарқын бір бағамдап қайтқан едік. Кәсіпорын әкімшілігінің басшысы Ақшабай Керімбековтің сөзінше, 2008 жылы жұмыс бастаған бұл орын 2011 жылы қараша айында Талдықорған қаласы әкімінің қаулысымен «Жерұйық-Талдықорған» АӨК ЖШС деген атаумен қайта құрылған. Соңғы жылдары кәсіпорын атауы «Жерұйық-Өрлеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп өзгертілген. Қазір серіктестікке тиесілі жалпы ауданы 7 мың шаршы метрге жуық коммуналдық базар мен қос қабатты ғимарат жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге, қала сыртында ауылшаруашылық өнімдерін өсіріп, сақтап, сатуға арналған 25 гектар аумаққа орналасқан жалпы сыйымдылығы 6 мың тонналық 3 көкөніс қоймасы, жылыжай кешені және көлемді алма бағы бар. Жылыжайда негізінен қызанақ пен қияр өсіріледі. Қоймада сақталған өнімдер қысы-жазы қала халқының азық-түлік қажетін қанағаттандыру үшін үнемі арзандатылған бағамен саудаға салынады. Сондай-ақ, онда тез бұзылатын ет, сүт, жеміс-жидек, көкөністерді арнайы сақтап, сатуға қолайлы құрылғылар да дайын. Қыс мезгілінде жұмысшы саны біраз азайғанымен, жазда 70-80 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қысқасы серіктестікке қарасты коммуналдық базарында және жылыжай, қоймалары мен алма бағында заман талабына сай бар мүмкіндік қарастырылған.
– «Биыл кәсіпорынның 5 гектар жердегі суармалы алма бағының әр гектарынан 20 тоннадан өнім алынып, жалпы 100 тоннаға жуық алма жиналды. Бақта пеструшка, старкримсон, салтанат, лимонка, кандиль-синап, белый налив сынды алманың 9 түрі өсіріледі. Сонымен қатар жылыжайлардан әр жылы 100 тоннаның үстінде өнім алынады. Отандық өнімдердің орны бөлек. Ал, біздің базарларымызда саудаланып жатқан заттар толығымен отандық өнімдер. Қазіргі кезде халық жергілікті азық-түліктердің шетел тауарларынан әлде қайда сапалы екенін түсінді. Сол үшін жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Осыған орай бізде аймағымыздағы барлық өнім өндірушілермен тығыз байланыс орнатылған. Қаражат болғанда басқа да өнімдерді сатып алып сақтап, базарды толық қамтуға болады. Бұл Жетісу облысының тұрғындарының таза өнім түрлерін еш алаңсыз тұтынуына мол мүмкіндік береді», –дейді Ақшабай Дүйсенбекұлы.
Қалалық ауыл шаруашылық бөлімі мамандарының мәліметінше, «Жерұйық-Өрлеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі бұл сауда алаңы Талдықорғандағы коммуналдық базар деген атаумен жұртқа мәлім. Себебі, мұнда әр сенбі күні тұрақты түрде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Онда Талдықорған, Текелі қалаларымен қатар облыс орталығына жақын орналасқан Ақсу, Көксу, Қаратал, Сарқан, Ескелді, Кербұлақ аудандарының диқан-шаруалары өз өнімдерін әкеліп еш делдалсыз саудалап қайтуға әбден дағдыланған. Бұл қала тұрғындарына да сатушыларға да тиімді. Өйткені мұндағы сенбілік жәрмеңкеде бір күнде орташа есеппен 60 тоннаға жуық өнім жеткізіліп, күнделікті базар бағасынан 15-20 пайызға арзан сатылады. Базарға күнделікті халық ең көп тұтынатын ет, сүт, құрт, май, ірімшік, күріш және ұн өнімдері мен жаз айларында қауын-қарбыз, алма, алмұрт, жүзім сынды жеміс-жидектер мен тағы басқа да көкөністердің 60-тан астам түрі әкелінеді. Соның ішіндегі сүт өнімдерін Текелі, Үштөбе, Сарқан, Талдықорған қаласынындағы сүт зауаттары қамдаса, құс еті мен жұмыртқа аймақтағы «Сары-бұлақ», «Аққұс» фабрикаларынан жеткізіледі. Аталмыш жәрмеңке облыс және қала басшыларының бастамасымен 2008 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Міне, бұл, біріншіден, аймақтағы зат бағасының беталды шарықтап кетпеуінің алдын алса, екіншіден, өңір тұрғындардың сапалы да таза азық-түліктерді сатып алуына қолайлы.
Аймақ тұрғындарының айтуынша, Талдықорғандағы коммуналдық базарда әр сенбі күні ұйымдастырлатын ауыл шаруашылық өнімдер жәрмеңкесі қарапайым қала тұрғындары үшін өте ыңғайлы. Ондағы саудаланатын азық-түліктер арзан әрі сапалы. Жеміс-жидектер мен көкөністер, ет, сүт, құрт, май, ірімшік секілді ұлттық тағамдардың түр-түрі бар. Жалпы базардан іздегеннің бәрін табуға болады. Бағасы да қол жетімді әрі көптің көңілінен шығады. Бұл шынымен азық-түлік бағасының шарықтап кетуіне үлкен тосқауыл болып келеді.
Айдын КӘЛІМХАН