Көп ұзамай күн суытып, отынға деген қажеттілік артады. Ал оны ерте қамдап алғандардың еш қысылмай тұтынуға мүмкіндігі зор.
Бүгінде облыста қанша көмір бар? Алдын ала болжам бойынша, биыл аймақ халқына 428 мың тоннадан аса көмір қажет. Шенеуніктердің айтуынша, қазір тұрғындар бұрынғыдай қатты отын іздемейді. Өңірге тәулігіне орта есеппен 25 вагон, яғни, 1 725 тонна көмір жеткізіледі.
Облыс аумағында 35 көмір тұйығы мен 5 қойма бар. 22 қыркүйектегі жағдай бойынша көмір қоры шамамен 23 мың тоннаны құрайды. Қатты отын «Қаражыра» және «Шұбаркөл» кен орындарынан әкелінеді. Көмір тұйықтары мен қоймалардағы 1 тонна көмір құны 18 600-ден 20 500 теңгеге дейін. Ал шалғайдағы елді мекендерге жеткенше оның бағасы біраз көтеріледі. Мәселен, әр ауданда әртүрлі баға.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, Ақсу, Сарқан аудандарында 1 тонна көмір бағасы 25 000-28 000 теңге аралығында. Себебі, бұл аудандарда теміржол байланысы жоқ. Сондықтан, қыстан қысылмай шығу үшін отын қорының мол болуы тұрғындар үшін аса маңызды болмақ.
А. Ыбырай
Фото: baq.kz





