БІРІНШІ ОҚИҒА:
Мектеп директоры шашы өскен 10-сынып оқушысын ортаға шығарып, мектептің тәртібіне бағыну қажеттігін айтып, ескерту жасады. Ертесін оқушының шашы алынды. Қысқа белдемше киген оқушыға «Қыздар жиналысы» ұйымдастырылып, ата-анасымен түсіндіру жұмысы жүргізілді. Содан бастап қысқаның орнын ұзын алмастырды. Бұл – кешегі күннің еншісіндегі көрініс.
ЕКІНШІ ОҚИҒА:
Оқушыға «формаң тізеден төмен, тырнақ маникюрсіз, шаш бояусыз болсын» деген директордың ескертпесі үшін ата-аналар мектеп директорының үстінен арыз жазды. Оқушылар одан сайын боянып, шаштарын жайып, мектепке тым еркін келе бастады. Бұл – бүгінгі күннің шынайы көрінісі.
КЕШЕ:
Оқушы дегенде шашын өріп, ақ бантик тағып, ұзын белдемше киіп, арқасына сөмкесін асып білім алуға асыққан бейне бірден көз алдымызға орала кетеді. Үлкендердің «Ұстаздың айтқаны заң. Әр тапсырмасы мұқият орындалуы тиіс. Мектеп формасын міндетті түрде кию керек. Тәртіп – бәріне ортақ» деген сөздер осыдан 10 жыл бұрын оқушы болған ұл-қызбен бірге білім шаңырағынан алыстап кеткендей көрінеді бізге.
Ұстаз мектептің жүрегі болса, оқушы мектептің айнасы болған уақыт та келместің кемесімен алысқа тым алысқа кетті. Ақ фартук пен ұзын белдемше де енді қайтып келмесі айдан анық. Білім жолында тер төгіп, еңбектеген оқушының бейнесі дәл солай көз алдымызға елестеп кейінгі ұрпаққа аңыз боп жетпесе игі дейміз.
Тақтаға бормен тапсырма орындап, кезекші оны сүртіп, сабақ соңында екі оқушыдан сынып ішін тазалап, еденін жуып еңбекке араласу да кешегі күнмен бірге кетті. Еңбекке араласып өскеннен оқушы жаман болмады. «Ұят болады» дегенді бірінші ойлаған сол кездің оқушылары расымен оқушы болды емес пе?
Айнұр БАКЫТҚАЛИҚЫЗЫ, №30 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
– Бала тәрбиесі – үлкен мәселеге айналғаны рас. Әсіресе, қыз баланы қырық үйден тиюға ата-ана да, ұстаз да, қоғам да атсалысуы керек. Бүгінгі оқушының бейнесі өзгерді дегенге толық келісемін. Бірақ бәріне топырақ шашудан аулақпын. Десе де, мектеп тәртібіне бағынбайтындар жоқ емес. Сондықтан мектебімізде «Қызғалдақ» қыздар ұйымы құрылған. Әр айдың соңында қыздарға арнайы жиналыс өткізіледі. Онда біз бүгінгі күннің ең маңызды болған тақырыптарын қозғаймыз. Үйде аналары айтпаған ақыл-кеңесті айтып, мектеп тарапынан үнемі бақылауда ұстаймыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Жұмысбасты ата-аналар балаға уақыт тауып, көңіл бөлсе деген ұсыныс айтудан шаршаған жоқпыз.. Екі тараптан да қадағалау болса онда нәтижеге қол жеткізуге болады. Біз де барынша қыздардың шашының жинақы болуын, опа-далап қолданбауын жіті қадағалаймыз. Десе де, біздің көзімізге шашын жинап, боянбай біз теріс айналғанда «қуыршақтай» болып шығатын оқушылар да жоқ емес. Осныдайда біз мектеп ұжымы барынша жұмысты күшейтеміз.
БҮГІН:
Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бір-ақ ауыз сөзбен-ақ тәртіпті болу керектігін айтқан. Бірақ біз осынау тәртіпке бағынып жүрміз бе? Әй, қайдам? Бұлау деуімізге негіз де жоқ емес. Мәселен, бүгінгінің оқушысына қарап: «Ұстазы қайсы, оқушысы қайсы?» деп өзіңе еріксіз сұрақ қоюға тура келеді. Себебі… Себеп көп мұнда. Мәселен, сіз ертесін мектепке асыққан оқушыларды күнделікті көретініңіз анық. Бір уақыт сол оқушыға зер салып көрдіңіз бе? Қиылған қас, жайылған шаш, дүрдіген ерінді оқушы сөмкесін іліп, кетіп бара жатады. Беті-басын әрлеп, опа-далабын жағып, ернін қызарта бояп, қолаң шашты жайған оқушылар білім алуға емес, құдды бір түнгі клубқа бара жатқандай көрінеді. Үстіне ілген киіміне қарауға өзің де ұяласың. Олар әлі күнге дейін «Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар, оқылық» деп маңдайшасында жазылған киелі білім ордасына бара жатқандарын сезінбейтіндей көрінеді. Өкінішті-ақ.
Әмина САБЫРЖАНҚЫЗЫ, №28 IT мектеп гиназиясының 11-сынып оқушысы.
– Мектеп – білім алатын, тәртіп сақтайтын құтты мекен. Сондықтан сабаққа келгенде сырт келбетімізді ретке келтіріп, барлығымыз бірдей тәртіпті сақтауымыз керек. Мектебімізде шашты жайып, макияж жасап келетіндер бар. Күнделікті мектепке макияжбен бару тым артық. Біз жаспыз, табиғи келбетімізді өзгертуге асықпасақ та болады. Қысқа белдемше кию де мектеп ережесіне сай емес. Таңертең сабаққа жиналарда анам шашымды өріп, үстіме киген киімімді қадағалайды. Ұстаздар айтуындай-ақ айтады. Бірақ сөзге құлақ аспайтындар бар. Біз мектепке сән көрсетуге емес, білім алуға келетінімізді ұмытпайық.
ТҮЙІН: «Мектебімізге жаңа директор келді. Бояндырмайды, шаш жайғызбайды. Апайлар әр кабинетке кіріп, «мектеп формасымен келеміз, шашты жинаймыз, боянбаймыз» деп күнде таңертең тексереді. Бұрынғы директор жақсы еді. Мүлде қарамайтын. Қазір қиын болып кетті» дейді танысымыздың 5-сынып оқитын қызы. Міне, бүгінгі оқушының уайымы? Болашақта бала бейнелі оқушыларымызды сағынатынымыз қатты сағынатынымыз анық…
Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: aqmeshit-zhastary.kz





