Павлодар облысының прокуратурасы бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша мүлікті тәркілеу туралы сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы azh.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, Ауғанстан азаматы өзінің ұлтын қазақ деп көрсетіп, көрінеу жалған мәліметтер мен қолдан жасалған құжаттар ұсынған. Осы айла-шарғы арқылы ол қандастарға арналған әлеуметтік төлемдерді заңсыз иемденген. Мемлекеттен алған қаржысына Павлодар қаласынан құны 20 млн теңге болатын пәтер сатып алған.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға жол бермеу мақсатында, прокуратура органдарының өтінішхаты бойынша сот жылжымайтын мүлікті мемлекет пайдасына тәркілеу туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр және ол қылмыстық қудалау органдарының өндірісінде.
Естеріңізге сала кетейік, қандастарды қолдау бағдарламасы атажұртқа оралған қандастарымыздың әлеуметтік жағдайын көтеруге және олардың қоғамға бейімделуіне бағытталған. Мұндай заңсыз әрекеттер нағыз көмекке мұқтаж жандардың құқығына нұқсан келтіріп, бюджетке айтарлықтай шығын әкеледі.





