Тәуелсіз Қазақстандағы кәсіподақтардың аз уақытта жеткен жетістіктеріне қарап, аталған бірлестіктің қоғамда өз орны бар ұйым екендігіне көз жеткізуге болады. Кәсіподақ ұйымдарының бүгінгі күні жұмысының нәтижелі болуының сыры оның түбі терең тарихында.
Бастапқы кезеңнен алға қойған мақсаттары мен міндеттерінен таймаған кәсіподақ ұйымдары бүгінде болашаққа нық қадам басуда.
Жалпы кәсіподақты – өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйымдар ретінде білеміз. Алайда оның құрылымы мен атқаратын жұмысы қоғамда үлкен рөлге ие.
Болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен елдің ертеңі ұстаздар қауымына тікелей байланысты. Сондықтан білім саласындағы кәсіподақ ұйымдары мемлекеттік мекемелермен бірлесіп бірқатар жұмыстар атқарды. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағынан бастау алған қоғамдық бірлестіктер жергілікті жерлерде тиімді жұмыс үлгісін ұсынып, нәтижесін педагогтар көруде.
Осындай белсенді де, білікті кәсіподақ құрамында «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігі Панфилов аудандық филиалы да бар.
Отыз екі жылдық тарихы бар кәсіподақ филиалын Есіркеев Нури Есіркеұлы, Ахметова Асия Тұрсынқызы, Илахунов Рахимжан Баудинұлы сынды қоғам белсенділері төрағалық жасады.
Панфилов аудандық филиалы алғаш құрылғаннан бүгінгі күнге дейінгі мүшелерінің саны үш есеге артты. Жергілікті ұстаздарға үнемі қолдау танытып, әрдайым мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырып, қажеттіліктеріне қарай материалдық көмек көрсетуді әдетке айналдырған. Білім беру мекемелерінің қызметкерлерін ынталандыру және денсаулықтарын нығайтуға ерекше назар аударылып, «Жаркент-Арасан», «Сарыағаш» шипажайларында жолдамалар тұрақты беріледі.
Бұдан өзге кәсіподақ соңғы үш жылда жаңа бағытта жұмысын жандандыра түсіп, ардагер ұстаздар мен жас мамандарға көңіл бөліп, «Педагогикалық еңбек ардагерлері» және «Жастар» кеңесін құрды. Қазіргі уақытта аталған кеңестер аға буын мен жастар арасындағы алтын көпірге айналып, ұстаздар арасындағы мәселелерді дер кезінде анықтауға және шешуге ықпалдарын тигізуде. Сонымен қатар, аудандық кәсіподақ филиалы жоғарыда аталған бағыттар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына мақала жариялап, көпшілікке тұрақты таныстыруда.
Кәсіподақтың кешегісі тарихқа, бүгінгісі нақты қадамға мән беріп, ертеңі заман талабына сай өзгеруі керек. Оған барлық кәсіподақ мүшелері бірлесіп қызмет етсе, мақсатына жетері анық.
М.ТҰРЛЫБЕКОВ,
«Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалының төрағасы





