Шара аясында мектеп оқушылары мен кәсіптік колледж студенттері құқық қорғау саласының өкілдерімен еркін форматта пікір алмасты. жастарға кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылықтар мен қылмыс түрлері, оның құқықтық салдары мен жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Қазіргі уақытта қоғамда жиі кездесетін буллинг, дропперлік, сталкинг секілді заңға қайшы әрекеттердің алдын алу, олардан сақтану жолдары жан-жақты сөз болды.
Қатысушылар сот ғимаратымен танысып, сот отырыстарының өткізілу тәртібі, сот процесінің негізгі кезеңдері, судьялар мен сот қызметкерлерінің міндеттері туралы нақты ақпарат алды. Жас буын өкілдері үшін бұл кездесу тәртіп пен жауапкершіліктің мәнін ұғынып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын терең түсінуге ықпал етті.
Қала тұрғындары, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар өкілдері үшін жеке ашық отырыс өтті. Онда сот жүйесінің жұмысы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сотқа жүгіну тәртібі, сондай-ақ сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігі кеңінен талқыланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық форматтағы кездесулер тұрғындардың сот жүйесіне деген сенімін арттырып, құқықтық сауаттылықты көтеруге оң ықпал етеді.
Камила СЕЙТНҰР
Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы





