Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы Конституцияның тарихи маңызына тоқталып, оның Қазақстан мемлекеттілігінің басты тірегі екенін атап өтті.
– «Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Осыдан 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл егемен еліміз үшін тарихи сәт болды. Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының ежелден құқыққа, әділетке ерекше мән бергенін атап өтті.
– «Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – дала заңының жарқын үлгілері. Бұл дәстүр ешқашан үзілген емес. Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті», – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары құқықтық жүйенің дамуына елеулі үлес қосқанын, ал кеңес заманында еліміздің заңгерлер мектебі қалыптасқанын атап өтті.





