Қазақстан мен араб әлемінің арасындағы байланыс жаңа белеске көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидқа еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін салтанатты түрде табыстады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталмыш сапар Оман Сұлтанының Қазақстанға және барлық Орталық Азия өңіріне жасаған алғашқы мемлекеттік сапары ретінде тарихқа еніп отыр. Президент екі мемлекеттің отыз жылдан астам уақыт бойы өзара сенім мен қолдау рухында қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті сапалы деңгейге көтеруге жол ашады.
Қазіргі таңда мемлекеттер тек мұнай-газ бағытында ғана емес, сонымен қатар көлік, логистика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды қолға алуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, сауда байланыстарын кеңейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді тұрақты түрде жолға қою мәселелері пысықталды. Оман мемлекетінің адам капиталына инвестиция құйып, «Oman Vision 2040» стратегиялық бағдарламасы арқылы экономиканы әртараптандыруы өзге елдер үшін де үлгі болып отыр.





