Екі мемлекет арасындағы әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп, экономикалық және мәдени бағыттағы ықпалдастық қарқынды дамып жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында заң шығарушы органдардың атқарып отырған рөлі зор екенін ерекше атап өтті. Соңғы жылдары парламентаралық диалог тереңдеп, екі елдің депутаттары байланысты тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Сауда-экономикалық, инвестициялық салалармен қатар мәдени-гуманитарлық қатынастар да жан-жақты өркендеуде.
Бүгінгі таңда елімізде Корея капиталының қатысуымен 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жемісті жұмыс істейді. Сонымен қатар түрлі маңызды бағытта ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстанда тұратын 120 мыңға жуық этникалық корей қауымы екі халық арасындағы достықтың алтын көпірі қызметін атқарып отыр. Алдағы уақытта корей халқының елімізге қоныс аударғанына 89-90 жыл толуына орай айтулы межені жоғары деңгейде атап өту көзделіп отыр.





