Әлем назар аударған саңлақтарымыз көбейіп, бірінен кейін бірі лекпен шығып, ел ықыласына бөленіп келеді. Аладоптағы асылдарымыз жарқырай түсіп, Еуропа көз тіккен ұланға айналды. Бұл бір ғана академияның емес, тұтас ұлттың жеңісіне баланды. Жауһарымызды жаһан жарыса жазып, әр әрекетіне баға беріп отырды. Мамандар келешегінің кемелдігін айтып, бүгіннен нық қадам жасау қажеттігін ескертті. Жазбамыз жас қақпашы Шерхан Қалмырза жөнінде.
«Қайратты» құдды бір қақпашылардың ұстаханасы дерсің. «Қайрат» сапында 2004 жылы ел чемпионы болып, Қазақстан кубогын екі мәрте жеңген (2001 ж., 2003 ж.) қақпашы Илья Юров «сары-қараларда» («Қайраттың» лақап аты) 2019 жылдан бері қарай голкиперлердің бапкері есебінде еңбек істеп келеді. «Қайрат» биыл чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнап жатса, оған үш қақпашының үлесі зор. Әуелі іріктеу кезеңдерінде көзге айрықша түсіп, талай соққыларды қайтарған Александр Заруцкий (плей-офф сатысында «Селтикпен» болған бірінші ойында жарақат алды), одан кейін плей-оффтың қарымта кездесуінде қақпасын «құрғақ» ұстап, матч соңындағы пенальти сериясында барлық соққыны тойтарған Темірлан Анарбеков болса (ел чемпионатының 23 турында «Ақтөбемен» ойынның 13-минутында жарақат алды), Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде 18 жастағы Шерхан Қалмырзаны көрдік.
УЕФА Чемпиондар лигасының тарихындағы ең жас қақпашылардың үштігіне кіреді. Маартен Вандевордт («Генк», 17 жас 287 күн), Майл Свиларден («Бенфика», 18 жас 52 күн) кейін 18 жас, 96 күнінде «Спортингке» қарсы Лиссабонда ойнап, Мортен Хьелмандтың пенальтиін аяғымен қайтарған Шерхан әйгілі қақпашы Икер Касильясты («Реал», 18 жас 118 күн) жас айырмашлығы бойынша төменге ығыстырды. Шерхан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде екі ойынға негізгі құрамда шығып («Спортинг» пен «Реал») 11 сейв жасап, 1 пенальтиді қайтарып, 9 гол жіберіп алды. Биыл жас қақпашының карьерасында дүмпу орын алған жыл. Алдымен 15 қыркүйекте Темірлан Анарбековтің жарақат алғанына байланысты ел чемпионатында «Ақтөбеге» қарсы ойында дебют жасады. Одан кейін еуропаның айтулы турнирінде ойнады. Өзі қатысқан екі ойындағы екі сейвті Чемпиондар лигасының ресми парақшасы үздіктер тізіміне қосты.
Шерханның есімі жасөспірімдер арасындағы «QJ league» арқылы жанкүйерлерге жақсы таныс. «Қайрат» сапында 2 жыл қатарынан чемпион болды (2023 жылы 8 ойынға қатысып, 5 сейв жасаса 2024 жылы 17 кездесуде қақпаға тұрып, 19 сейвпен көзге түсті). Белгілі кәсіпкер Тимур Турловтың қолдауымен ұйымдастырылатын турнир талай таланттың томағасын сыпырып, аламанға қосты. Бұл қатарда бүгінде «Қайраттың» жұлдызына айналып үлгерген Дастан Сәтпаев, Рамазан Бағдат бар.
Журналист Оралхан Дәуіттің мәліметінше кейіпкеріміз Жамбыл облысында дүниеге келген.
– Жуалы ауданының тумасы екен. Әкесі Елдар жастайынан бокспен айналысқан, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған көрінеді. Оны жуалылықтар жақсы таниды. Бүгінде Астанада тұрады. Жуалыда туған ұланға Шерхан есімі бекер қойылмағаны анық. Бұл – Шерағаңның туған жері, – дейді журналист.
Ал «Liter.kz» сайтының тілшісі Наиля Әбіхалықова жас қақпашының балалық шағы Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында өткендігін айтады. Сол қалада білім алып, аладоптың алғашқы әліппесін футбол бапкері болып жүрген атасы Еділ Рабаевтан үйреніп, қызығушылығы оянған. Журналист Асқар Хамиден де бұл пікірді қуаттап Шерхан алғаш «Астана» футбол клубының балалар тобына қабылданып, біраз уақыт доп тепкенін мақұлдайды.
Футболшыларды бақылап, оның бағасын реттеп отыратын танымал «transfermarkt» сайты Шерханның әр ойыны сайын құнын өсіріп келеді. Дәл қазіргі бағасы – 200 мың еуро. Чемпиондар лигасындағы жанкешті ойыны үшін бүгінде Испания, Англия сынды елдердің скауттары назарға алып отыр.
Алатаудың баурайында тарихта алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі өтіп, алғашқы қарсылас әлемнің үздік клубтарының бірі испанияның «Реал» командасы болды. Әр шебі кіл мықтылармен орныққан «корольдік клубтың» («Реалдың» лақап аты) дүйім жұртты шулатып, алыс-жақын елдерді елең еткізген сәті. Бұл ойын Шерханның қақпашы есебінде мол тәжірибе жинап, сенімін нығыздай түскен кезі. «Реалдың» қақпасын қорғаған танымал қақпашы Тибо Куртуа ойын соңында жейдесін беріп, сәттілік тіледі. Ал әлеуметтік желіге жүктеген суретінің астына Куртуа: «осы қалпыңнан таймай, еңбектене бер. Сәттілік!» деген жазба қалдырды. Шерханның «Реал» ойыншысы Киллиан Мбаппенің тепкен добын қайтарған сәтін УЕФА қызметкерлері үздік сейфтердің санатына қосты. Бұл ойын ел тарихындағы айтулы матч болғандығы анық. Өзінің жеке парақшасында журналист Руслан Меделбек: «Қайраттың», жалпы Қазақстанның Чемпиондар лигасындағы жорығы бірреттік болмаса екен деген тілек. Біз осындай аураны, тойды Қазақстанда жиі көрейік. Шерхан жарады. Куртуамен футболка алмастырғанын да жақсылыққа балайық. Куртуаның даңқы жұғысты болғай» – деп жазды.
Бала қиял қашанда жүйірік?! Ал ол мақсатқа айналып, кезеңімен орындалса әуелі баладан бұрын әке мен ананың жеңісі болмақ. Шерхан анасы медиа-продюсер («Түнгі студия» жобасында, «Балапан» телеарнасында жұмыс істеген) Сәуле Рабаеваның алдында отырып, 10 жыл бұрын УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі «Астана» мен «Вильяреал» (Испания) арасындағы ойынды тамашалап отырған суреті ғаламторды шарлап кетті. Сол кездегі бала арман бүгінде орындалды. «Реалмен» ойыннан кейін қызығушылық танытқан клубтар да жоқ емес. Ал Шерханға Еуропаның есігін ашып берген «Қайраттың» академиясы әлі талай ізбасарларды дайындайтындығы анық.
Кезінде «Қайраттың» қақпасын қорғаған Құралбек Орда- баев атамызға қалың қазақ сүйінген еді. Енді міне, Шерханға да, Темірланға да мұқым Алаш сүйініп отыр. Олай болса, күллі әлем қызығатын «Қайраттың» қара құлпы бол! Құралбек атамызға арналған осы бір теңеуді, бүгін бата ретінде Шерхан інім, саған жолдағанды жөн көрдік.
Серік ҚАНТАЙ





