Жетісу облыстық атқарушылық округінің жеке сот орындаушылары қайырлы іс қылды. «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен 7 отбасыға көмек көрсетіп, алғыс арқалады. Игілікті іске атсалысып, көпшілікке үлгі көрсетті
Жаңа оқу жылы – әр отбасының үлкен қуанышы, әр баланың асқақ арманы. Тамыз айы туа салысымен ата-ана баласының болашағы үшін мектепке дайындыққа кіріседі. Ал әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар үшін бұл бір сәт үлкен сын, ауыр жүкке айналары сөзсіз. Мұндайда қоғамнан қайырымдылық танытып, қол ұшын беретін жандардың табылғаны пәс көңілді бір марқайтып тастайтыны ақиқат. Осы ретте облыстық атқарушылық округінің жеке сот орындаушылары Б. Туриспаева, Е. Тазабеков, Е. Сеитұлы А. Қалғанбеков, Е. Хизатов, Б. Семилтаров өңірдегі отбасыларға сөмке, оқу-құралдары, мектеп киімдерін табыс етіп, оқушылардың қыркүйек айын қуанышпен қарсы алуларына себепкер болды.
Жеке сот орындаушыларының айтуынша, олардың мақсаты – заңның салмағын арқалаған қызметтің аясында ғана қалмай, елдің әлеуметтік тынысына үн қосу, қоғамның қамын ойлау.
– Біз үшін ең қымбат сый – балалардың жүзіндегі күлкі. Әр бала білім алуға тең мүмкіндікке ие болуы керек. Біздің бұл әрекетіміз – сол жарқын болашаққа қосқан аз да болса үлесіміз. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың көңіліне кірбің түспеуі ләзім, – дейді игілікті іске үлес қосқандардың бірі Ерасыл Сеитұлы.
Көмекке қол жеткізген ата-аналар да жүрекжарды алғыстарын білдіріп, балалардың шаттыққа толы көзқарасын қоғамдағы ең үлкен байлыққа балап отыр. «Жақсылық жасасаң – қайырын көресің» деген халық даналығы дәл осындай сәттерде өміршеңдігін дәлелдегендей.
Жалпы, «Мектепке жол» акциясы елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оның аясында мемлекет қана емес, әртүрлі мекемелер, ұйымдар мен жекелеген азаматтар да үлес қосып, көмекке зәру отбасыларға қамқорлық көрсетуде. Бұл еліміздегі бірлік пен бауырмалдықтың айқын көрінісі.
Медет ЖҰМАБАЙ





