Сала мамандарының мәліметінше, биыл Жетісу облысының орталығында 60-қа жуық аула абаттандырылып, 39 тұрғын үйдің шатыр жабындысы мен 20 үйдің қасбетін жаңарту қолға алынған. Соның ішінде «Жетісу» шағын ауданында 34 көпқабатты үй мен 22 аула бар. Аталған аулалардың 11-і толық жаңартылып, Республика күніне орай қолданысқа берілсе, қалғаны 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен жөнделмек.
Шаһар басшысының сөзінше, кейінгі жылдары қала аумағы кеңейіп, бірнеше жаңа шағын аудан бой көтерген. Сонымен бірге қалада аулалар абаттандырылып, жолдар, балалар және спорт алаңдары салынып, жарық пен газ желілері жеткізіліп, су жүйелерімен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ағаш көшеттері мен гүл шоқтары егіліп, оларды күтіп-баптау және аймақ тазалығын сақтау күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі .
– Мемлекет басшысының облысымызға жасаған сапары барысында қаламызда жаңа тұрғын алаптар мен шағын аудандардың бой көтеруін қамтамасыз ету тапсырылған болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлының осы саясатын жүзеге асыру бағытында облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының қолдауымен биыл сәуір айынан бастап шағын аудандарды абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Бүгін сол игі істің нәтижесінде жаңа аулалар халық игілігіне беріліп отыр. Аулалар барлық жастағы тұрғындарға қолайлы етіп салынған, – деді Ернат Дүйсенбекұлы.
Аулалардың ашылу салтанатында басқа да жасалған жұмыстардың барысымен танысқан қала әкімі аймақ жұртымен жүздесті. Осы орайда тұрғындар атқарылған әрбір іске өз ризашылықтарын білдіріп, айрықша алғыстарын жеткізді. Ашылған аулалардың құрметіне арнайы спорттық жарыс ұйымдастырылып, 50 балаға футбол добы сыйға тартылды.
Айдын КӘЛІМХАН






