Талдықорғандағы Үстел ойындары орталығында шахматтан «Senat Open» III ашық кубогінің «БАҚ өкілдері» арасындағы облыстық іріктеу турнирі өтті.
Шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұлттық және бұқаралық спорттық инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Ғазиз Аманжолұлы, Қазақстан шахмат федерациясының Жетісу облысы бойынша атқарушы директоры Ермек Сүйенішұлы, Спорттық дамыту және облыстық бұқаралық спорт іс-шараларын өткізу дирекциясы директорының орынбасары Рүстем Жарқынбайұлы, «Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары Ришад Тұрғанбайұлы, «Жетісу Медиа» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Рүстем Жанболатұлы қатысты.
– Жарыс 7 кезеңнен тұрады және әр кезеңге 100 спортшы қатысады. Жалпы саны 700-ге жуық спортшы болады деп жоспарладық. Әр турнир 6 сағатқа созылады. Жоспар бойынша қалған кезеңдер ақпан айының соңына дейін өткізіледі. Жеңіске жеткен спортшыларға арнайы жүлде қорлары бар. Сонымен қатар, әр аудан өкілінің үздігіне және ең үздік әйел ойыншысына бөлек жүлде беріледі, – деді облыстық шахмат федерациясының атқарушы директоры Ермек Сүйенішұлы.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар медаль, грамота және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Нәтижесінде І орынды Виталий Овчинников (35 000 теңге) иеленсе, ІІ орын Дмитрий Фатьяновқа (30 000 теңге), ІІІ орын Сабырбек Аянбековке (25 000 теңге) бұйырды. Сондай-ақ, Арлан Қырықбай IV орынға (20 000 теңге), Мұрат Калмурзинов V орынға (15 000 теңге) тұрақтады.
Қосымша жүлделер бойынша әйелдер арасындағы үздік көрсеткіш иегері Бибі Иманжанова (25 000 теңге) атанды. Ал Талдықорған қаласының үздік өкілі – Есет Құдайберген (10 000 теңге), Кербұлақ ауданының шахматшысы – Арлан Қырықбай (10 000 теңге) үздік деп танылды.
Осылайша, Талдықорғанда өткен зияткерлік дода журналистер қауымының тек ақпарат алаңында ғана емес, ой алаңында да мықты екенін көрсетті. Ендігі кезекте жеңімпаздар облыс намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.
Ақбота Азимбаева,
ЖУ студенті





