Жетісу облысында қантты көтерме саудада сату нарығының ашықтығы мен әділ баға саясатын қамтамасыз ету мақсатында кешенді тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған стратегиялық жоспар аясында қант нарығын жіті бақылауға алды.
Талдау жұмыстарының негізгі мақсаты – нарықтағы монополиялық әсерді азайту және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу. Мамандар өнімді өндіруден бастап, оны көтерме сауда орындарына жеткізуге дейінгі барлық кезеңді сараптайды.
Нарықтың бүгінгі жай-күйін анықтау үшін бірнеше маңызды бағыт бойынша зерттеу жүргізеді. Облыс аумағындағы қант зауыттарының қуаттылығы мен дайын өнімнің қоймалардағы қоры тексеріледі. Ішкі нарықтағы бағаның әлемдік биржалардағы құнмен сәйкестігі назарға алынады. Бұл ретсіз қымбаттаудың алдын алуға көмектеседі. Сырттан келетін өнімнің үлесі мен отандық қанттың көршілес елдерге тасымалдануы нарықтағы тапшылыққа әсер ете ме деген сұраққа жауап ізделеді. Салаға бөлініп жатқан субсидиялар мен жеңілдіктердің тиімділігі бағаланады.
Бәсекелестікті шектейтін негізгі факторлардың бірі – нарыққа жаңа ойыншылардың келуіне кедергі болатын әкімшілік немесе экономикалық тосқауылдар. Департамент осы кедергілерді анықтап, оларды жою бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді жоспарлап отыр.
Егер талдау нәтижесінде кәсіпкерлер арасында өзара сөз байласу немесе бағаны қолдан көтеру деректері анықталса, тиісті шаралар қолданылады. Ол қарапайым тұтынушының қалтасына түсетін салмақты жеңілдетіп, нарықтағы әділдікті орнатады.





