Қант қызылшасын жинау – шаруалар үшін жауапкершілігі мол кезең. Жыл бойы баптап, суарып, күтіп өсірген тәтті түбірді ысырап етпей, уақытылы зауытқа жеткізу – мол өнімнің кепілі.
Ауданда биыл қант қызылшасын өсіруге ерекше мән беріліп, шаруалар өнімді жинауға сақадай сай дайындалды. Егістік алқаптарындағы техникалар да жұмысқа кірісіп, маусымдық науқанды қыздыра түсуде. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Шалқыбековтың айтуынша, өңірде биыл 185 шаруа қожалығы 2 900 гектар алқапқа қант қызылшасын еккен. Одан 124 891 тонна өнім алынады деп күтілуде. Биылғы науқанға 27 қант қызылшасын жинайтын комбайн, 10 жапырақ сабағын шабатын техника және 70-80 тасымалдаушы көлік жұмылдырылуда.
Ал жиналған өнімді қабылдап, өңдейтін кәсіпорын да қызу жұмысқа кірісуде. Сондай-ақ өз техникасы бар шаруашылықтар техникасы жоқ шаруаларға көмектеседі, 2 сервис-техникалық дайындау орталығы қолдау көрсетеді, жұмыс күші жеткілікті. Сондықтан бұл науқанға күш сала өткізіледі. Өнім қабылдау кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ. Бастапқы кезеңде тәулігіне шамамен 2 мың тонна, кейін 3 мың тоннаға жуық, ал кәсіпорын қажетті қуатына шыққан соң күніне 3,5-4 мың тоннаға дейін өнім қабылданып, жаңғыртудан кейін және өндірістік қуаты арттырылған соң Көксу қант зауыты биылғы маусымда 374 мың тонна қызылша қабылдауды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, оларда 130 гектарға дәндік жүгері, 5 гектарға көкөніс, 12 гектарға жоңышқа және 20 гектарға сүрлемдік жүгері себілген. Шаруашылықтың жұмысы бір ғана дақылмен шектелмейді. Олардың техникалық мүмкіндігі де жеткілікті. Мәселен, қожалықта 5 «МТЗ» тракторы, 3 дәнді дақыл жинайтын комбайн, 1 қант қызылшасын жинайтын комбайн және 4 «КамАЗ» автокөлігі жұмыс атқаруда. Сондай-ақ қант қызылшасы, жүгері, басқа да дақылдарды себуге арналған 4 сепкіш пен түрлі қосалқы агрегат бар.
Айта кетейік, қант өндірісі қуаттылығын арттыруда Көксу қант зауытын жылына 250-ден 500 мың тоннаға дейін ұлғайта отырып жаңарту жүргізілуде. Аяқталу мерзімі 2027 жыл. Тартылатын инвестициялар көлемі 29 млрд. теңгені құрады. Қызылша қабылдауға арналған 5 «БУМ» машинасы дайын. Лабораторияға жаңа жабдықтар орнатылып, 8 мың тонна әктас жеткізілген. Газбен жабдықтауда келісімшарт жасалып, газ көлемін ұлғайтуға реконструкциялық жұмыстар жүргізілген. Аймақтағы қант зауыттары бекітілген қабылдау кестесіне сәйкес шаруашылықтардан қант қызылшасын қабылдауды қыркүйек айының ортасынан бастайды.
Облыс бойынша биыл тәтті түбір 13,5 мың гектар алқапқа себіліп, одан жалпы 585 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 1,3 мың гектарға, жоспарланған өнім көлемі 86,2 мың тоннаға артқанын көрсетеді. Жиналған өнімнің таза салмақтағы көлемі 538 мың тоннаны құрайды деп күтілуде. Қазіргі таңда Ақсу, Сарқан, Ескелді, Көксу, Қаратал және Кербұлақ ауданында қант қызылшасын қазылуда. Бұл науқан Алакөл ауданы мен Талдықорған қаласында да жүргізіледі.
Жиын-терін жұмыстарына 115 қант қызылшасы комбайны мен 52 жапырақ жинағыш машина жұмылдырылды. Қолда бар техниканың мүмкіндігі тәулігіне шамамен 700 гектар алқаптағы өнімді жинауға жетеді. Биылғы өнім көлемінің артуы аймақтағы қант қызылшасы шаруашылығы үшін маңызды көрсеткіш болмақ.
Айгүл БАЙБОСЫН,
Көксу ауданы
Суреттерді түсірген Қанат МАҚАНҰЛЫ





