Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, еліміздегі диалектикалық логика мектебінің негізін қалаушы Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин өмірден өтті, – деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жеткізді.
«Түнде қызы хабарласып айтты. Ыстамбұлла емге апарған екен отбасы. Бейсенбі күні Ыстанбұлдан таңғы рейспен алып келеді. Жаназасы 5 желтоқсан күні, Астана қаласындағы жаңа мешітте өтеді. Иманды болсын», – деп жазды М. Әбенов.
Жабайхан Мүбәрәкұлы 1933 жылдың 16 ақпанында Павлодар облысы Май ауданының Майтүбек ауылында дүниеге келген. Ол – төрт томдық «Диалектикалық логика» еңбегінің авторы.
Ғалымның жетекшілігімен диалектикалық логиканың категориялары, заңдары мен принциптерін жан-жақты талдаған көптеген ұжымдық монографиялар жарық көрді.
Өз өмірінде ол 10 ғылым докторын және 40-қа жуық ғылым кандидатын тәрбиелеп шығарған.





