Қатерлі ісіктің алдын алу, онкологиялық көмектің сапасын арттыру қашанда маңызды. Осы ретте Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде облыстық көпсалалы емхананың сапаны бақылау жөніндегі директордың орынбасары Бауыржан Бертаев БАҚ өкілдерімен кездесіп, өңірдегі ахуал мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Спикердің айтуынша, биыл облыстық көпсалалы ауруханада 700 мыңға жуық тұрғынға мединицалық қызмет көрсетілген. Қазіргі таңда диспансерлік есепте 7775-ке жуық науқас тіркелген. Олардың 55 пайызы 5 жылдан астам уақыт бойы бақылауда.
Өткен жылы жалпы есепке 1407 науқас алынып, оның 934-і қатерлі ісіктің ерте, яғни I-II cатысында анықталды. Бұл жалпы есепке алынған науқастардың 67 пайызын құрайды. Скринингтік тексерулер нәтижесінде 143 жағдай тіркелді. Ал диспансерлік есепте тұрған науқастардың 65 пайызы 5 жылдан астам өмір сүруде.
Жыл сайын онкологиялық диспансерге заманауи емдеу әдістері мен жаңа диагностикалық технологиялар енгізілуде. Емхана қажетті мединицалық құрал жабдықтармен толық қамтылған. 2025 жылы 70-тен астам мединицалық техника сатып алынған.
Брифинг барысында журналистер «Қатерлі ісіктің алдын алу үшін не істеу керектігін, науқастар қажетті дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіле ме?», – деген сұрақ қойды. Бұл жөнінде Бауыржан Бертаев:
– Науқастарды емдеу тиімділігі мен дәрілік терапияның қауіпсіздігін арттыру мақсатында ауруханалық дәріхана бөлімі ашылған. Бұл бөлім дәрілік заттар мен мединицалық бұйымдардың қорын басқарумен қатар, сапасы және сақтау талаптарының сақталуын қадағалайды. Былтыр облыста 17 ашық есік күні өткізіліп, 771 адам мединицалық тексеруден өтті. Нәтижесінде 98 ісікке дейінгі жағдай және 29 қатерлі ісік анықталды. Ауруды асқындырмау үшін не істеу керектігін жиі айтып келеміз. Жуырда қатерлі ісіктің алдын алу және асқындырмау үшін барлық емханада ашық есік күні өтеді, – деді.
Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары мен орталық аудандық үшін 12 лекция мен семинар ұйымдастырылып, оған 712 дәрігер мен орта буын медицина қызметкерлерлі қатысыпты. Бұған қоса, 5 шеберлік сабағы өткізілгенін тілге тиек етті. Брифинг барысында қатерлі ісіктің алдын алу шараларын, скринингтік тексерулердің маңыздылығы кеңінен талқыланды. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Фариза ДӘУРЕНҚЫЗЫ,
ЖУ студенті





