«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бас директорының орынбасары қызметіне Қуат Әуесбай тағайындалды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қуат Әуесбай – журналистика саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман. Ол 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін тәмамдаған. Кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білімін жалғастырып, 2016 жылы магистратураны, 2021 жылы докторантураны аяқтады. 2025 жылғы желтоқсанда журналистика мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алды.
Еңбек жолын 2005 жылы республикалық «Ана тілі» газетінде тілші ретінде бастаған Қуат Әуесбай бұқаралық ақпарат құралдарында және мемлекеттік құрылымдарда түрлі жауапты қызметтер атқарды. 2007–2008 жылдары «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болды.
2008-2010 жылдары Жер ресурстарын басқару агенттігіне қарасты Мемлекеттік жер ғылыми-өндірістік орталығының Баспа және редакциялау бөлімін басқарып, «Қазақстан жер ресурстары» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Сондай-ақ республикалық «Ақ желкен» журналы бас редакторының орынбасары болды.
2010-2017 жылдар аралығында «Халық сөзі» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасы хатшылығының сарапшысы және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Жұртшылықпен байланыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Кейінгі жылдары да ақпарат саласындағы жетекшілік қызметтерде еңбек етті. Атап айтқанда, 2017–2018 жылдары «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары және Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директор – бас редакторы болды. 2019 жылдан 2021 жылдың соңына дейін «Turkistan» халықаралық газетінің директоры – бас редакторы қызметін атқарды.
2023 жылдың ақпан айынан бастап «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінде интернет редакциясының жетекшісі болып жұмыс істеп, кейін бас редактордың орынбасары қызметіне көтерілді.
Қуат Әуесбай ақпарат саласындағы еңбегі үшін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, «Халық алғысы» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болған.
Жаңа қызметке тағайындалған Қуат Әуесбайдың журналистика мен медиа менеджмент саласындағы көпжылдық тәжірибесі «Қазақ газеттері» ЖШС-нің дамуына және отандық баспасөздің сапасын арттыруға өз үлесін қосады деп күтілуде.





