Қазақ кинематографиясы бай тарихқа ие, алайда соңғы жылдары сапасыз кинокартина қаптағаны жасырын емес. Сапасын былай қойғанда, этикасы төмен. Комедияларда адамның физикалық кемшілігін мазақ ету қашан қалыпты нәрсеге айналып үлгерді? Арзан күлкі үшін адамның сырт-сымбатын, бет-әлпеті мен қадір-қасиетін құрбан етудің зардаптары қандай?
Бодишейминг терминін қазақшаға аударсақ «body» – дене, «shaming» – ұялту. Яғни, адамның сырт келбетіндегі «кемшіліктерді» бетіне басып, сол үшін сынау, келемеждеу немесе ұялту. Айтылғандардың бәрі адамның психологиясына айтарлықтай соққы береді.
Бұдан басқа age shaming (жасын келемеждеу), fat shaming (артық салмақты келемеждеу), body functionality shaming (дененің қуаттылығын сырттай келемеждеу), reproductive shaming (адамның репродуктивті міндеттерін мазақ ету, балалы болу мысалға), dehumanizing insult (адамды жануарға теңеу) секілді келемеждеу түрлері бар.
Шетелдік кинокартинаға көз жүгіртсек, 2001 жылы шыққан «Бриджит Джонстың күнделігі» атты фильмде басты кейіпкерді артық салмағы үшін қоғамнан шеттетеді. Ал, Стивен Кингтің желісімен түсірілген «Арықтау» (Thinner, 1996) фильмінде адамның салмағы тікелей «қарғыс» ретінде сипатталады. Мұнда толық дене бітім – жиіркенішті, жағымсыз дүние ретінде көрсетіледі. Ал, артық салмақтан арылған кезде оны арық болғаны үшін сөгеді. Фэтшейминг пен скиннишейминг дәл осы кинода көрініс табады.
Әлемдік киноиндустрияда, атап айтқанда Голливудта «Cancel Culture» яғни, күшін жою мәдениеті іске қосылған. Бұл этикалық шекараны аттаған, біреудің тән ерекшелігін мазақ еткен кез келген жобаның тағдырына нүкте қоя алатын пәрменді күш. Ал, бізде ше? Егер Голливуд жиырма жыл бұрынғы қателігі үшін кешірім сұрап, жаңа этикалық деңгейге көтерілсе, қазақ киносы неге сол баяғы ескі сүрлеуден шыға алмай, таяз күлкінің тұтқынында қалып қойды?
Отандық кинематография «арзан әзіл» іздеп, этика шекарасының шегінен шыққанына дәлел болатын нақты мысалдар жеткілікті.
Этикалық норманың ең сорақы бұзылуы – киімге қарап айыптау. «Ғашықпын саған» туындысындағы «Киіп алған киіміңіз анау» деген сылтаумен қызға жасалған қиянатты ақтауға тырысу нағыз виктимблейминг (қылмыс құрбанын кінәлау) мен аутфит-шеймингтің қоспасы. «Егер киімің стандартқа сай емес болса, саған жасалған зорлық-зомбылыққа өзің кінәлісің» деген стереотипті айқын көрсетеді. Осы сияқты «Ағайындылар», «Гламур для дур» киноларында қазақ комедиясындағы тағы бір дерт – класс-шейминг пен фейсшейминг бар.
«Ағайындылар» сияқты ауыл тақырыбындағы киноларда міндетті түрде ауылдан келген жастардың арзан спорттық киімі, ретсіз шаш үлгісі мен бет-әлпеті «қалалық сылқымдардың» алдында үнемі төмен түсетінін байқаймыз. Ал, «Гламур для дур» фильмінде бұл мәселе тіпті тереңдей түседі. Мұнда адамды ақшасының жоқтығы, орысша сөйлей алмайтыны немесе ауылдан келгені үшін мазақ ету киноның негізгі өзегі.
Бұл фильмдерде ауыл адамы міндетті түрде мәдениетсіз, ұсқынсыз әрі күлкілі, ал қала адамы сұлу, элитарлы әрі үстем етіп шендестіріледі. Жоғарыда атап өткен class-shaming термині дәл осы әлеуметтік статусқа қатысты айтылған сынның бәрін сипаттайды.
Нақты мысал керек десеңіз 2026 жылы жарыққа шыққан «Ол сен емес» фильмін талдап көрейік.
| Shaming түрлері | Кадр | Түсіндірме |
| Seat-shaming (тұрмыс шеймингі) |
4 минут 9 секунд | «Щётка ма мынау? Мочалка деп қалдым ғой. Аяқ киім щёткасына келеді екен» |
| Mom-shaming (Аналарды бала тәрбиесінде сынға алу) |
8 минут 4 секунд | «Сен әлі емізіп жүрсің бе? Өгіздей болды ғой балаң!» |
| Bodyshaming (Адамның сырт келбетін сынау) |
1. 10 минут 50 секунд
2. 25 минут 3. 44 минут 47 секунд 4. 45 минут 35 секунд 5. 45 минут 58 секунд 6. 46 минут 10 секунд |
1. «Мұртыңды алшы. Жараспайды саған. Маған ұнамайды»
2. «Жерге жатсай, жер көтереді ғой сені» 3. «Мына қатынға салмақ тастау керек екен. Ырсылдап қалып жатыр ғой» 4. «Мұрныңның асты тайғақ сияқты ғой» 5. «Сен екіқабатсың ба, әлде осындай семізсің бе?» 6. «Қамыр сияқты қалың ғой» |
| Dehumanizing insult (адамды жануарға теңеу) | 34 минут 06 секунд | «Е, шошқа, қайтсай үйіңе» |
Көгілдір экрандардағы бір ғана комедияның астарында шеймингтің түр-түрін табасыз. Адамның әлеуметтік деңгейін келемеждейтін seat-shaming (тұрмыс шеймингі), ананың бала тәрбиесіндегі әр қадамын бақылап, кінә артатын mom-shaming, дене бітімін нысанаға алатын bodyshaming, тіпті адамды жануарға теңеп, қадір-қасиетін таптайтын dehumanizing insult (дегуманизация) қатар өріліп жатыр. Өкініштісі, қазақ киносында мұндай «келемеж тізбегі» бір фильммен шектелмейді. Бұл бүгінгі арзан күлкіге құрылған отандық комедиялардың үйреншікті қолтаңбасына айналып барады.
Кино – қоғамның айнасы болса, сол айнаның тазалығына автор тікелей жауапты. Қандай жанрдағы фильм болмасын, кадр ішінде адамның қадір-қасиетін мазаққа айналдыратын көрініске орын болмауы тиіс. Ал, режиссер мен сценарист көрерменді кейіпкердің кемшілігіне немесе тағдырының талқысына күлдіру арқылы оңай табыс табуды мақсат етпеуі керек. Себебі, экрандағы әр әзіл әр көрерменнің жүрегіне әртүрлі жетеді. Біреу үшін бұл жай ғана өткінші күлкі болса, енді біреу үшін өмір бойы өшіре алмайтын жан жарасы. Өнердің миссиясы адамды төмендету емес, оны асқақтату, бойындағы жақсылыққа сәуле түсіру деп білемін.
Мақпал Әділханқызы





