Қазақстан мектептерінде «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын насихаттау мақсатында бірыңғай безендіру үлгісі енгізілмек. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды 7-su.kz.
Спикердің айтуынша, жаңа дизайнда оқушылардың күнделікті жақсы әдеттерін қалыптастыратын суреттер мен нақыл сөздер қолданылады. Әрбір пән кабинеті оқушылардың жас ерекшелігі мен пән бағытына сай безендірілсе, мектептің ортақ кеңістіктерінде Қазақстанның табиғи және тарихи орындары, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі ойшылдар мен тарихи тұлғалардың бейнелері орналастырылады.
Ерлан Қалмақовтың сөзінше, «Адал азамат» бағдарламасының алты негізгі құндылығын айқындайтын бұл брендбук – динамикалық құжат. Яғни әрбір мектеп өз ерекшелігіне қарай үлгілерді таңдай алады. Құжат заманауи талаптарға сәйкес үнемі толықтырылып, жетілдіріліп отырады.
Жаңа дизайн-код үш кезеңде енгізіледі:
-
алдымен жаңадан салынған мектептерде қолданылады;
-
кейін реновация жүргізілетін 1300 мектепте енгізіледі;
-
соңғы кезеңде қалған білім ордаларына күрделі немесе ағымдағы жөндеу барысында енгізіледі.
Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектепте жаңа тәрбие бағдарламасы іске қосылған болатын.





