2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ең бай және ең кедей өңірлерінің жан басына шаққандағы табысы арасындағы алшақтық шамамен 10 есеге жетті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Qazaqtoday ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметтерге сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларында елімізде 99,7 трлн теңгенің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) өндірілді. Нақты өсім 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3%-ды құрады.
Жалпы өңірлік өнімнің өсу қарқыны бойынша Астана қаласы (11,5%), Түркістан облысы (10,1%), Атырау облысы (9,6%) және Шымкент қаласы (8,5%) көш бастады. Алайда, жоғары өсу қарқыны өңірдегі халықтың табысы жоғары екенін білдірмейді, себебі кейде бұл төмен базадан немесе жергілікті бір драйвердің әсерінен болуы мүмкін.
Ел экономикасының негізгі тіректері – үш ірі орталық. ЖІӨ құрылымында Алматы қаласы (20,5%), Атырау облысы (11,6%) және Астана қаласы (11,6%) басым үлеске ие. Бұл үш өңірді экономиканың «зәкірі» деуге болады: Алматы мен Астана іскерлік белсенділік пен қызмет көрсету орталығы болса, Атырау – шикізат базасы.
Дегенмен, өңір экономикасы сапасының басты көрсеткіші – жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ). Еліміз бойынша орташа көрсеткіш 4 897,0 мың теңгені құрайды.
Жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша көшбасшы 5 өңір (мың теңге):
1. Атырау облысы – 16 205,5
2. Алматы қаласы – 8 826,7
3. Ұлытау облысы – 7 444,4
4. Астана қаласы – 7 354,0
5. Қарағанды облысы – 5 732,4
Жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша ең төмен көрсеткішті 5 өңір (мың теңге):
1. Түркістан облысы – 1 667,0
2. Жамбыл облысы – 2 158,8
3. Жетісу облысы – 2 407,5
4. Қызылорда облысы – 2 643,6
5. Шымкент қаласы – 2 890,9
Сарапшылардың пікірінше, бұл алшақтық жай ғана статистика емес, адамдардың мүмкіндіктеріндегі айырмашылық. Көрсеткіші жоғары өңірлерде жалақы жоғары, медицина мен білім сапасы жақсырақ. Ал төмен аймақтарда инвестиция аз, өмір сүру қиынырақ және даму баяу жүреді. Егер артта қалған өңірлерді мақсатты түрде қолдамаса, бұл алшақтық одан әрі ұлғайып, әлеуметтік шиеленісті күшейтуі мүмкін.





