Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туризм саласындағы ахуал мен негізгі көрсеткіштерге тоқталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Саладағы басты көрсеткіштердің өскені байқалады. Жедел ақпаратқа сәйкес орналастыру орындарының саны 4,5 мыңнан асқан. Ал осы орналастыру орындарының қызметін пайдаланған туристердің саны 10 млн-нан асты, яғни 12%-ға өскен, – деді ол.
Сондай-ақ халықаралық рейтингтердегі ілгерілеуге назар аударды:
Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық индексінде Қазақстан 119 елдің ішінен 52 орынға көтерілген. Бұған дейін 66 орында болғанбыз. Үздік елу елдің қатарына кіру біздің алға қойған мақсатымыз, – деп атап өтті министр.
Инвестиция тарту мәселесіне қатысты да нақты деректер келтірілді:
Инвестиция тарту бағыты бойынша да белсенді жұмыс жүргізілуде. Ресми статистикаға сәйкес 2025 жылы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 32%-ға өсті. Бұл – 1 триллион 254 млрд теңге, – деді Ербол Мырзабосынов.
Министрліктің жоспарындағы жобаларға тоқталып:
Министрліктің тізімінде жүзеге асырылуы жоспарланған 328 инвестициялық жоба қамтылған. Негізгі жобалардың қатарында «Ой-Қарағай» тау-шаңғы курорты, Hilton және Mandarin Oriental қонақ үй кешендері, «Жібек жолы» ойын-сауық кешені, Keruen Inn жол бойындағы сервистік объектілер желісі бар, – деді.
Бұл жобалардың әлеуметтік-экономикалық әсері де айтылды:
Аталған жобаларды іске асыру туризм саласында шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деді министр.
Сонымен қатар саладағы түйткілдер де назардан тыс қалмады:
Негізгі көрсеткіштердің өсу үрдісіне қарамастан, бұл салада әлі де бірқатар шешілмеген жүйелі мәселелер бар, – деп түйіндеді Туризм және спорт министрі.





