Қазақстанда жаңа демалыс күні пайда болуы ықтимал, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы референдум қорытындысы бойынша 15 наурыз елімізде жаңа Конституция күні ретінде белгіленуі мүмкін екенін жеткізді. Парламенттің Жоғарғы палатасының кулуарында журналистерге берген сұхбатында ол бұл бастаманың мән-жайын түсіндіріп берді.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, құқықтық құжаттардағы өтпелі ережелерге сәйкес, жаңа мереке күні ретінде Негізгі заңның қабылданған күні негізге алынады.
«Білуімше, «қабылданған күн» деп көрсетілген. Қабылданған күн мен күшіне енген күн – екі бөлек нәрсе. Сондықтан, өтпелі ережелер жобасына қарасақ, әңгіме Конституцияның қабылданған күні туралы болып отыр. Қабылданған күн – 15 наурыз», – деді Сенат спикері.
Дегенмен, бұл шешім тікелей халықтың таңдауына байланысты. Егер азаматтар референдумда ұсынылған реформаларды қолдап, дауыс берсе, онда 15 наурыз ресми мемлекеттік мерекелер тізіміне енеді. Спикер атап өткендей, азаматтардың пікірін білу үшін референдум жарияланады және халық қалай шешсе, соған сәйкес тиісті қаулылар қабылданады.
Жаңа заң қашан күшіне енеді?
Бұған дейін Конституция күні 1 шілде болуы мүмкін екені туралы да ақпарат тараған. Референдумға шығарылатын жаңа Негізгі заң жобасында құжаттың 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетіні жазылған. Демек, заңның ресми жұмыс істей бастауы мен оның қабылданған күні (мерейтойы) арасында айырмашылық бар.
Конституциялық комиссия мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа атқарылған жұмыстардың қорытындысын таныстырғаннан кейін, Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Осылайша, маңызды саяси науқан 15 наурызда, жексенбі күні өтеді.
Референдум дегеніміз не?
Түсінікті тілмен айтқанда, референдум – ел тағдыры үшін маңызды мәселелерді халықтың өзі тікелей дауыс беру арқылы шешуі. Бұл мемлекеттік деңгейдегі ең жоғары демократиялық құрал. Оның нәтижесінде заңдар қабылданып, Конституцияға елеулі өзгерістер енгізіледі. Референдумда қабылданған шешімдердің күші міндетті болып саналады және оны бүкіл ел мойындауы тиіс.





