Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы төмендей бастады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
«Ерте өнімді жаппай жинау басталысымен әлеуметтік маңызы бар көкөністерге бағаның өсуі тоқтап қана қоймай, кері бағыт алды. Мысалы, сәуір айында әлеуметтік өнімдердің орташа баға индексі 1,6% болса, мамырда өсім 1%-ға дейін баяулады, ал маусымда 0,7%-ға дейін төмендеді. Соңғы аптада баға өсімі небәрі 0,1%-ды құрады. Сонымен қатар, қатарынан үш апта бойы картоп бағасы 1,3%-ға төмендеуде. Өткен аптадан бастап сәбіздің де бағасы 0,9%-ға арзандай бастады. Сондай-ақ, күріш, қарақұмық жармасы, жұмыртқа, ұн және вермишельдің бағасы да төмендеуде. Ал нан мен сүт бағасы тұрақты күйде қалуда», – деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің ішкі өндірісі өсіп келеді. 2025 жылдың алғашқы 5 айында өндіріс көлемі 10,5%-ға артып, 1,5 трлн теңгеге жетті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері арасында ең жоғары өсімді мына тауарлар көрсетті:
• Қызылшадан өндірілетін қант – 4,6 мың тоннадан 64 мың тоннаға дейін;
• Өсімдік майы – 316,3 мың тоннадан 376,8 мың тоннаға дейін;
• Сары май – 13 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін;
• Ұн – 1,3 млн тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін;
• Қышқыл сүт өнімдері – 102 мың тоннадан 106 мың тоннаға дейін;
• Өңделген сүт – 264 мың тоннадан 274,6 мың тоннаға дейін және басқа да өнімдер.
Мәліметке сәйкес, Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түлік қолжетімділігі бойынша жетекші орынды сақтап отыр. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға (ӘМАТ) жүргізілген салыстырмалы баға талдауы көрсеткендей, атап айтқанда Қазақстанда баға ең қолжетімді деңгейде. Мысалы, Қазақстанда жұмыртқа, ұн, нан, күнбағыс майы, тұз, күріш, картоп, қырыққабат, пияз және сәбіз ең төмен бағада сатылып жатыр.
Төрт өнім – қарақұмық, қант, сиыр еті және сүт бойынша Қазақстандағы бағалар Беларусьпен шамалас. Сары май бағасы бойынша ел Беларусь пен Қырғызстаннан кейін үшінші орында, ал құс еті бойынша – Беларусь пен Ресейден кейінгі орындарда.
«Ал инфляцияның негізгі драйвері биылғы бірінші жартыжылдықта ақылы қызметтер болды – өсім 16,1%. Осыған байланысты үкімет коммуналдық тарифтердің өсу қарқынын қайта қарау туралы шешім қабылдап, олардың бір бөлігін кейінгі мерзімге шегеруге бел буды», – делінген үкімет хабарламасында.
Дереккөз: ҚазТАГ





