Қазақстанда алтынның бір граммының бағасы 68 611 теңге 36 тиынға жетіп, бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Бұл көрсеткіш соңғы бір жыл ішінде 70%-ға өскен, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Сарапшылардың айтуынша, бағалы металлдың қымбаттауы теңгенің әлсіреуімен тікелей байланысты емес. Бұл – әлемдік нарықтағы жалпы үрдіс. Әсіресе, саяси және экономикалық тұрақсыздық кезеңінде алтын бағасы құбылып тұрады, өйткені инвесторлар өз активтерін қауіпсіз аймақта сақтауға тырысады.
Қазір қазақстандық банктерде 5 граммдық алтын құймасы шамамен 343 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал Investing.com дерегінше, халықаралық биржада алтынның 31 грамы (бір унция) 3 922 долларды құрап отыр. Бұл — ұлттық валютада шамамен 2,154 миллион теңге.
Мамандар азаматтарға алтын сатып алу немесе сату жөнінде шешім қабылдарда асықпауға кеңес береді. Себебі нарықтағы жағдай тұрақсыз, сондықтан бағалы металл құнының төмендеуі де мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін алтын бағасы соңғы төрт айдағы ең жоғары деңгейге көтеріліп, унциясына 1 873 295 теңге болған. Бұл өсімге АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген болжам ықпал еткен. Нәтижесінде алтын мен күміске сұраныс артып, күміс те 2011 жылдан бері алғаш рет унциясына 21 500 теңгеден асып, тарихи межеге жетті.
Сарапшылар баға өсіміне инфляция, тұтынушылық сенімнің төмендеуі және ФРЖ-ның болашақ саясатына қатысты белгісіздік әсер еткенін атап өтті.





