Қазақстанда экономикалық теңсіздік тереңдеп барады. 2023 жылы елдегі ең кедей 10% және ең ауқатты 10% азаматтардың табысы арасындағы айырмашылық 6,2 есеге жетті. Бұл соңғы жылдардағы рекорд көрсеткіш, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 5,9–6 деңгейінде болған. Сарапшылардың айтуынша, табыс бойынша халық 10 топқа бөлінеді. Бірақ кедейлер қатарына тек алғашқы 10%-ды ғана емес, келесі төрт топты да қосуға болады. Себебі олардың жан басына шаққандағы табысы 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақыға да жетпейді. Халықтың осы жартысы елдің жалпы табысының бар болғаны 30,2%-ын иеленіп отыр.
Ал ең ауқатты 10% қазақстандықтар жалпы кірістің төрттен біріне жуығын (24,1%) жинайды. Дегенмен, бұл топтың ішінде де айырмашылық айқын: айлық табыс 181 мың теңгеден 1,6 млн теңгеге дейін өзгереді. Осыған байланысты айына 200 мың теңгеден аз табыс табатындар да «ең ауқатты» санатына еніп кетеді. Шын мәнінде, нағыз байлар осы шартты топтың шағын бөлігін ғана құрайды.
2024 жылы қазақстандықтардың тек 3,3%-ы ғана айына 1 млн теңгеден көп табыс тапқан. Ал 100 мың теңгеден аз жалақы алатындар саны олардан шамамен бес есе көп – 6,1%.
Өңірлер бойынша жағдай:
-
Ең көп «миллионерлер» Маңғыстау (14,5%) және Атырау (11,5%) облыстарында, сондай-ақ Алматы (6%) мен Астанада (4,8%) тіркелген.
-
Ең төмен жалақы алатындардың басым бөлігі Түркістан (11,1%), Солтүстік Қазақстан (10,3%) және Жамбыл (10%) облыстарында. Бұл өңірлер кедейлік деңгейі бойынша да алдыңғы қатарда.





