Үкіметте өткен баспасөз конференциясында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қазақстандықтар жаңа тұрғын үй бағдарламаларын күте ала ма деген сұраққа жауап берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде ипотекалық бағдарламалардың көптігіне қатысты сын жиі айтылады.
– Әлеуметтік желілерде, керісінше, сын көп. Себебі бағдарламалар өте көп: «Қамқор», «Елорда жастары», «Наурыз», «Наурыз жұмыскер». Соның салдарынан адамдар кейде мерзімі мен пайыздық мөлшерлемесін шатастырып жатады. Сондықтан көптеген азамат бағдарламаларды біріздендіріп, бәрін бір жүйеге келтіру керек деген ұсыныс айтып жатыр, – деді Ләззат Ибрагимова.
Сонымен қатар банк басшысы құрылыс компанияларына берілетін жеңілдіктердің тиімділігіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл шаралар пәтерлерді толық әрленген күйде салуға мүмкіндік береді.
– Естеріңізде болса, мен бұрын Қазақстан үшін нағыз инновация – тұрғын үйді қара әрлеумен салу деген тезис айтқан едім. Бірақ кейінгі өзгерістер нақты нәтиже көрсетті. Өткен жылы сатылған 8 600 пәтердің 70 пайыздан астамы «Баспана Маркет» платформасы арқылы өтті. Оның басым бөлігін құрылыс компаниялары толық әрленген күйде ұсынған тұрғын үйлер. Сәйкесінше, қарыз алушылар дәл осы нұсқаны таңдады, – деді банк басшысы.





