Елімізде 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайына орай берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 10%-ға өсті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Төлемдердің жаңа мөлшері қандай?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы ақпан айынан бастап жалпы ауру салдарынан мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақы көлемі төмендегідей белгіленді:
- 1-топ үшін – 111 873 теңге;
- 2-топ үшін – 89 498 теңге;
- 3-топ үшін – 61 022 теңге.
Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін төлемдер де 10%-ға артты. Қазіргі таңда еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 54 742 теңгені, ал асыраушысынан айырылу бойынша 55 800 теңгені құрап отыр.
Жыл басынан бері аталған әлеуметтік көмек түрлеріне республикалық бюджеттен 59,3 млрд теңге жұмсалды. Бұған қоса МӘСҚ есебінен 8,9 млрд теңге төленген. Жалпы алғанда, мемлекет осы мақсатта 68 млрд теңгеден астам қаражатты халық игілігіне бағыттады.
Бүгінде елімізде мүгедектігі бойынша жәрдемақы алатын 545,9 мың адам және асыраушысынан айырылу бойынша көмек көретін 191,9 мың азамат тіркелген. Төлемдердің мөлшері мүгедектік тобына, себебіне және асырауындағы адамдар санына тікелей байланысты болады.
Қосымша әлеуметтік төлемдер кімге беріледі?
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар, яғни жұмыс істеп, қорға аударымдар жасаған азаматтар негізгі жәрдемақыға қосымша төлем алады. Бұл сома әр адамға жеке тағайындалады. Ол соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысқа, жұмыс өтіліне және еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициентіне негізделеді.
Бұл қадамдар – мемлекеттің әлеуметтік осал топтарды қолдау және инфляция салдарынан туындайтын қаржылық жүктемені жеңілдету бағытындағы жүйелі жұмысының айқын көрінісі. Күрделі экономикалық жағдайда жәрдемақылардың индекстелуі азаматтардың тұрмыс сапасын сақтауға мүмкіндік береді.





