2025 жылы Қазақстанда зейнетке шығу жасында ешқандай өзгеріс болмайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
БЖЗҚ мәліметінше, әйелдердің зейнет жасы кем дегенде 2027 жылдың соңына дейін өзгермейді. Жалпы алғанда, елімізде зейнет жасына қатысты жаңа ережелер әзірге қарастырылмаған.
Қазақстандағы зейнет жасы
Зейнет жасы – көптеген елдер үшін өзекті тақырып, және Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. БЖЗҚ баспасөз қызметі бұл туралы былай дейді:
«Ғаламдық экономикалық және демографиялық өзгерістер талабымен зейнет жасын көтеру халықаралық тәжірибеге айналуда. Өмір сүру ұзақтығының артуы мен халықтың қартаюы жұмыс істейтін азаматтарға қосымша салмақ салады».
Бүгінгі таңда Қазақстанда зейнетке шығудың жалпы тәртібі мынадай:
- Ерлер – 63 жас;
- Әйелдер – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жас.
Әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңімен артады
2028 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы біртіндеп ұлғайтылады. Бұл үдеріс мынадай тәртіппен жүзеге асады:
- 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жас;
- 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жас;
- 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жас;
- 2031 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жас.
Осылайша, 2031 жылдан бастап Қазақстанда ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасы теңестіріліп, 63 жас болып белгіленеді.
Әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен арттыру – бұрыннан жоспарланған шара. Ол ерлер мен әйелдердің зейнетақы жүйесіндегі шарттарын теңестіруге бағытталған. Сонымен қатар, бұл өзгеріс халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы мен зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты қолға алынған.
ҚР Әлеуметтік кодексінің 207-бабына сәйкес, кейбір азаматтар үшін бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін жеңілдетілген жас қарастырылған. Ол жалпыға бірдей белгіленген жас мөлшерінен өзгеше болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтарына зейнетақы жүйесінде күрт өзгерістер күтудің қажеті жоқ. Барлық жоспарланған жаңалықтар алдын ала бекітіліп, біртіндеп іске асырылатын болады.





