Қазақстанда әйелдер саны 10 488 074-ке жетті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Статистикаға сәйкес, елдегі әйелдердің жас ерекшелігі бойынша үлесі төмендегідей:
– 0-15 жас аралығы – 29,1%
– 16-60 жас – 55,5%
– 61 жастан жоғары – 15,4%
Аймақтар бойынша әйелдердің ең көп саны ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлерде тіркелген. Алматы қаласында 1,2 миллион әйел тұрады. Түркістан облысында әйелдер саны 1 миллионға жуық. Ал Астана қаласында – 803,5 мың, Алматы облысында – 778,5 мың әйел бар.
Елдегі әйелдердің орташа жасы – 34,1 жас. Ал әйелдердің күтілетін өмір сүру ұзақтығы 79,4 жылды құрайды.
Қазақстанда жұмыспен қамтылған халықтың 48%-ын әйелдер құрайды. Бұл – шамамен 4,4 миллион адам. Жалдамалы қызметкерлер арасында әйелдердің үлесі 50% болса, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасында 45%-ды құрайды.
Жұмыс істейтін әйелдердің басым бөлігі әлеуметтік салаларда еңбек етеді. Атап айтқанда, білім беру саласында – 20%, сауда саласында – 19%, денсаулық сақтау саласында – 10%.
Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер арасында әйелдердің үлесі 50,8%-ға жеткен. Ал жұмыс істейтін әйелдердің ішінде ең көп үлес 35-44 жас аралығына тиесілі. Бұл санатта 1,3 миллион әйел еңбек етеді.




