2025 жылғы маусымда жүргізілген социологиялық зерттеу нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың 79,4%-ы елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын атап өткен. Бұл көрсеткіш қоғамда таңдалған саяси және әлеуметтік-экономикалық бағытқа деген сенімнің сақталып отырғанын білдіреді.
Зерттеуді Қоғамдық саясат институты 2025 жылғы 18 маусым мен 4 шілде аралығында жүргізген. Сауалнамаға еліміздің әр өңірінен 18 жастан асқан 2000 азамат қатысқан. Ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жасалған сауалнама нәтижелерінің қателік мөлшері ±2,2%-дан аспайды.
Әлеуметтік-экономикалық жағдайға оң баға берген респонденттердің үлесі — 73,6%. Бұл — халықтың қазіргі ахуалға көзқарасында тұрақтылық пен сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ, саяси жағдай да оң бағаланған — сұралғандардың 76,2%-ы қазіргі саяси ахуалға қанағаттанатындарын білдірген.
Мамандардың пікірінше, мұндай оң бағалар саяси, әлеуметтік-экономикалық және психологиялық факторлардың жиынтығына байланысты. Мысалы, ЖІӨ-нің 6%-ға өсуі, жаңа инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың салынуы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) пен көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қоғамның көңіл күйіне тікелей әсер етіп отыр.





