Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан сирек кездесетін өсімдіктерді, соның ішінде бәйшешек пен қызғалдақты жұлуға қатысты жаза туралы сұралды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жоюға қатысты жаза қатаң.
«Қызғалдақтар мен бәйшешектерді жұлу үшін қатаң жаза бар, сондықтан бұл өсімдіктерді жұлмауға кеңес беремін. Олар көп емес және бұл тізімге бекер енгізілген жоқ. Әлемде жыл сайын өсімдіктердің және, әрине, жануарлардың көптеген түрі жойылып жатыр. Кез келген түрдің жоғалуы қайтымсыз теріс салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан табиғатты қорғаңыздар», – деді Ерлан Нысанбаев.
Алайда министр Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлғаны үшін салынатын айыппұлдың нақты мөлшерін және барлық өсімдік түрлерін атап бере алмады.
«Өте үлкен тізім. Мыңдаған түр бар. Мен бәрін атай алмаймын, компьютер емеспін. Бірақ бәйшешектер де сирек өсімдіктер қатарына жатады», – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, 2025 жылдың сәуір айында Түркістан облысында тұрғын Қызыл кітапқа енгізілген жабайы қызғалдақтарды жұлып алған. Бұл сәт видеоға түсіп, кейін полицияның назарына іліккен.
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 339-бабы – «Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер түрлерімен заңсыз айналысу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, Қызыл кітапқа енгізілген сирек және қорғалатын өсімдіктерді жұлу жауапкершілікке әкеледі. Аталған бап бойынша 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. 2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 13 миллион теңгені құрайды.





