Қазақстан алғаш рет әлемдік жоғары білім беру көшбасшыларының қатарына енді. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингіне еліміздің бес жоғары оқу орны кірді. Ең басты жетістік – Назарбаев университетінің 401–500 диапазонына енуі. Бұл – қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтер тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында рейтингке ең көп оқу орны енген мемлекет атанды. Тізімге бес университет енді: Nazarbayev University, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Қазақ аграрлық зерттеу университеті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өз орнын 1201–1500 диапазонында сақтап қалса, Nazarbayev University алғаш рет әлемдік топ-500 қатарына көтерілді. Бұл – елдің жоғары білім сапасы мен халықаралық беделінің артқанын көрсетеді.
Times Higher Education дерегінше, 2026 жылы Орталық Азия мен Кавказ аймағынан рекордтық көрсеткіш – бес елдің 17 университеті рейтингке енген. Сарапшылардың айтуынша, өңір әлемдік академиялық кеңістікте «жаңа тартылыс орталығына» айналып келеді. Егер 2020 жылы бұл тізімде небәрі үш университет болса, бүгінде олардың саны алты есеге жуық артқан.
World University Rankings – зерттеу университеттерінің әлемдегі ең беделді және теңгерімді халықаралық рейтингі. Бағалау жүйесі 18 көрсеткішке негізделген және бес бағыт бойынша жүргізіледі:
-
Оқыту (Teaching) – білім беру сапасы мен академиялық бедел;
-
Зерттеу ортасы (Research Environment) – табыс, өнімділік және ғылыми бедел;
-
Зерттеу сапасы (Research Quality) – дәйексөз келтірілуі мен зерттеу ықпалы;
-
Халықаралық бағдар (International Outlook) – шетелдік студенттер мен қызметкерлердің үлесі;
-
Индустриямен байланыс (Industry) – өндіріс секторы мен патенттік белсенділік.
Бағалау барысында 19 миллион ғылыми жарияланым, 1,5 миллион сарапшының пікірі және 3 мыңнан астам университеттің институционалдық деректері талданды.
Дереккөз: turkystan.kz





