Еліміздің бірқатар аймағында ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалысқа шектеу қойылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының 2026 жылғы 9 ақпан, сағат 08:00-дегі мәліметі бойынша, боран мен көріністің нашарлауы салдарынан бірнеше бағытта көлік қозғалысы тоқтатылған. Атап айтқанда, Жетісу, Алматы, Ұлытау, Абай және басқа да облыстарда жолдар жабық.
Қай жолдар жабық?
Қазіргі уақытта шектеу қойылған негізгі учаскелер:
-
Жетісу облысы: «Алматы – Талдықорған – Өскемен» (124-234 км, Алматы обл. шекарасы – Жамбыл ауылы), «Сарыөзек – Көктал» (3-68 км, Сарыөзек – Алтын Емел асуы) және «Үшарал – Достық» (84-164 км) учаскелері.
-
Алматы облысы: «Қонаев – Күррті» (0-67 км), «Астана – Қарағанды – Алматы» (2295-2436 км, Кәншеңгел – Ақсай) және «Алматы – Өскемен» тас жолының бір бөлігі.
-
Ұлытау облысы: «Жезқазған – Арқалық» (Сәтбаев – Ұлытау) және «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды» (Жезқазған – Жаңаарқа) бағыттары.
-
Абай облысы: «Алматы – Өскемен» тас жолының Аягөз бен Қалбатау арасындағы бөлігі.
-
Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары: «Ақтөбе – Орал» бағытындағы Жымпитыдан Маржанбұлаққа дейінгі аралықта жүк көліктері мен автобустар үшін қозғалыс шектелген.
Ашық жолдар мен ерекше жағдайлар
Алматы және Жамбыл облыстарындағы Қордай асуының жаңа айналма жолы барлық көлік түрі үшін ашық. Дегенмен, Жамбыл облысындағы Кенен – Қайнар учаскесі жабылып, көліктер ескі Қордай асуы арқылы бағытталуда. Сонымен қатар, Павлодар облысындағы Қалқаман айрығында көпір құрылымының зақымдалуына байланысты қозғалыс шектелген. Шығыс Қазақстандағы Осинов асуында қысқы кезеңге сай тіркемелі жүк көліктеріне тыйым салынған.
Синоптиктер еліміздің 16 облысы мен Астана қаласында дауылды ескерту жариялады. Мамандар алыс сапарға шықпас бұрын жол жағдайын 1403 байланыс орталығы арқылы нақтылауды сұрайды. Сақ болыңыздар, жол ережесі мен жылдамдық режимін сақтау – қауіпсіздік кепілі.




