Талдықорғанда көпқабатты үйлер салу кезінде 152 млн. теңге қаражат ұрланған.
Осыған байланысты «ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті» РММ тұрғын үй құрылысы кезінде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде. 2021 жылы тапсырыс беруші мен мердігер ұйым арасында жалпы сомасы 1,7 млрд. теңгеге екі көпқабатты тұрғын үй салу бойынша шарттар жасалған.
Іске асырылған жұмыстардың қол қойылған актілерінің болуына қарамастан іс жүзінде құрылыс-монтаждау істерінің бір бөлігі орындалмаған.
Жоспарланған 9 қабаттың тек жетеуі ғана тұрғызылып, жылыту, сумен жабдықтау, электр жарығы сияқты жұмыстары жүргізілмеген. Сондай-ақ, сырты да әрленбеген. Осылайша, құрылысы аяқталмай, пайдалануға беру мерзімі бұзылды.
Салдарынан мемлекетке келтірілген залал 152 млн. теңгеден асты. Сот санкциясымен құрылыс салушының мүлкіне тыйым салынды. Іс бойынша мердігер ұйымның директоры, сондай-ақ, құрылысты техникалық қадағалауды жүзеге асырған компания қызметкерлері күдікті ретінде танылды. Тергеу жалғасуда.
Өз тілшіміз





