Жаркент қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде жалпы аумағы 1 гектар жерге орналасқан, өндірістік қуаты жоғары жаңа құрама жем зауытының ашылу салтанаты өтті. Қазақстан – Қытай кәсіпкерлері бірлесіп іске қосқан бұл кәсіпорынға қазірдің өзінде 500 миллион теңге инвестиция тартылған.
Зауытқа жүгері және басқа да дақылдардың дәнін өңдейтін қондырғыларды жергілікті кәсіпкер Ербол Өрмекеев 805 миллион теңгеге Қытайдан сатып алып орнатты. Кәсіпорын тәулігіне 120 тоннаға дейін жүгері дәнін кептіріп, қаптауға қауқарлы. Алдағы уақытта инвестиция көлемі 1 миллиард 305 миллион теңгеге жетпек. Бастапқыда тек дән кептіру және сақтау жұмыстарын жүргізетін зауыт болашақта тұтынушылар сұранысына орай құрама жем шығарумен де айналыспақ. Сонымен бірге сыйымдылығы 25 мың тонна болатын бірнеше қойма салып, жалпы 200 мың тоннаға дейін жүгері дәнін сақтауға мүмкіндік алады. Бұл – бүгінде құны төмендеп кеткен жүгері дәнінің нарықтағы бағасын көтеруге септігін тигізері анық.
Зауытта бір ауысымда шамамен 30 адам еңбек етеді. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде жүзге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Қытайдың автоматтандырылған заманауи құрал-жабдықтары орнатылған цехтарда жануарларға қажетті дәрумендермен байытылған түйіршік құрама жем шығаруға болады.
Панфилов ауданында Жаркент крахмал-сірне зауытын қосқанда дақыл дәндерін қабылдап, кептіріп өңдейтін төрт-бес кәсіпорын бар. Бірақ олардың сақтау қуаты төмен әрі біржақты қызмет көрсетеді. Ал жаңа құрама жем зауыты болашақта халық тұтынатын және өндіріс орындарына қажет өнім түрлерін молынан шығаруды жоспарлап отыр.
Зауыттың ашылу салтанатына ауыл шаруашылығы ардагерлері, қожалық басшылары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Аудан әкімі Марат Сағымбек жиналған қауымды Конституцияның 30 жылдық мерекесімен құттықтап, жаңа зауыттың жергілікті шаруаларға тигізер пайдасын атап өтті. Сондай-ақ, кәсіпорынның құрылтайшысы Ербол Жүнісұлына Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.
Салтанатты жиында сөз алған ауыл шаруашылығы ардагері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Дәулеткелді Наймантаев:
– Өңіріміздің негізгі өнімі – жүгеріні тиімді өңдеп, нарыққа шығаруға мүмкіндік беретін қуатты кәсіпорын іске қосылғанына қуаныштымыз, – деп ризашылығын жеткізді.
Қазақ халқы игілікті істерді әрқашан ақ батамен бастаған. Жаңа зауыттың ашылуында да еңбек ардагері Қабди ақсақал ақ батасын беріп, аудан әкімі бастаған ардагерлер лентаны қиды.
Мырзағали Нұрсейіт





