Гвардейск гарнизонының танк құрамасы «Мәтібұлақ» полигонында Т-72 танкісінің қару-жарағынан жоспарлы атыс жаттығуларын өткізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оқу-жаттығу сабағының барысын Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев тікелей бақылап, жеке құрамға өзі үлгі көрсетті. Бас қолбасшы атыс сабақтары басталмас бұрын танк экипажы құрамында көздеуші оператор ретінде көрсетілімдік жүрісті орындап шықты. Жаттығу кезінде штаттық снарядтармен нысанаға дәл тигізіп, қару-жарақ пен техниканы сенімді басқарудың жоғары деңгейін паш етті. Атыстар калибрі 125 мм зеңбірек пен ПКТ қосарланған пулеметінен 1600, 1700 және 1800 метр қашықтықтағы нысаналарға жүргізілді. Сабақ барысында экипаждардың үйлесімді іс-әрекетіне, атысты дәл жүргізуге және бұйрықтарды орындау жылдамдығына ерекше назар аударылды.
Атыс жаттығуларының қорытындысы бойынша жеке құрамның даярлығы жоғары бағаланды. Барлық экипаждар тапсырмаларды «жақсы» және «үздік» деген бағамен орындап шықты. Сонымен қатар қолбасшылық тарапынан қатардағы жауынгер Владимир Ганженконың дайындығы ерекше атап өтілді. Оған әскери қызметін келісімшарт бойынша жалғастыру жөнінде ұсыныс жасалып, сарбаз бірден келісімін берді. Мұндай іс-шаралар әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырып, жауынгерлік рухты нығайтуға септігін тигізеді.





