Құс – жаратылыстың жұмбағы терең, болмысы бөлек ғажайып иесі. Көк аспан олардың мәңгілік мекені, еркіндіктің символы. Аспанды құссыз, құсты аспансыз елестету мүмкін емес. Қанатты тіршілік иелері жер мен көктің арасын жалғап, табиғаттың нәзік тепе-теңдігін сақтап тұрған сақшылар іспетті. Адамзат өркениеті дамыған сайын, құстарды қорғау мәселесі де жаһандық деңгейге көтерілді.
Ғылыми деректер жер шарында 10 мыңнан астам құс түрі барын айғақтайды, ал Қазақстан аумағында 500-ге жуық түр кездеседі. Орнитология ғылымы олардың шығу тегін көне мезозой дәуіріндегі теропод динозаврларымен байланыстырады. Германия жерінен табылған археологиялық олжалар осы пайымға нақты дәлел ұсынып, жаратылыс құрылымында жорғалаушылар мен құстарға тән белгілер қатар өрілген дейді. Құстардың анатомиялық бітімі ұшуға лайықталған – сүйектері қуыс, жеңіл, бұлшық еттері қуатты. Қауырсындары әуеде қалықтауға бейімделген аэродинамикалық құрал қызметін атқарады. Есесіне, жоғары метаболизм мен тұрақты дене температурасы оларды түрлі климаттық белдеулерге бейім етеді.
Экожүйедегі құстардың рөлі өлшеусіз. Жәндікқоректі құстар ауыл шаруашылығында табиғи қорғаушы саналады. Бір ғана қарлығаш тәулігіне мыңға жуық зиянкесті жоя алатыны белгілі. Есесіне химиялық күрес тәсілдерін азайтып, табиғи тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Орман мен далада, тіпті елді мекендерде тіршілік ететін сауысқан табиғаттың «тазалаушысы» ретінде жәндік, өлексемен қоректеніп, айналаны тазартады. Алайда оның ерекшелігі тек қоректенуінде емес, ғылыми зерттеулер сауысқанның жоғары интеллектке ие екенін дәлелдеген. Айнадан өзін тану қабілеті мен қорегін жасырып, кейін қайта табуы соның айғағы.
Су айдындарын мекендейтін құстар да табиғи үйлесімділіктің ажырамас бөлігі. Бірқазан – айдынның айбынды тұрғыны, қанат жайымы үш метрге дейін жететін ірі құс. Оның тұмсық астындағы қалтасы балық аулауға бейімделген ерекше құрал іспетті. Шағалалар бейімделгіштігімен танымал, түрлі қорек көздерін пайдалана алады. Үйректердің су өткізбейтін қауырсындары олардың су бетінде еркін қалқуына жағдай жасайды. Есесіне су экожүйесінің тұрақтылығын сақтауға зор үлес қосады.
Құстар табиғаттағы тұқым таратушы негізгі күштердің бірі. Көптеген өсімдіктердің таралуы дәл осы қанатты жаратылыстармен тығыз байланысты. Тұқымдарды алыс аймақтарға жеткізу арқылы өсімдіктер дүниесінің кеңеюіне жол ашады.
Қазіргі таңда ғалымдар құстардың мінез-құлқындағы өзгерістер арқылы климаттағы ауытқуларды байқауда. Соңғы жылдары кейбір түрлердің көшу мерзімі ертерек басталуы жиілеген. Алайда осындай құбылыстар жаһандық жылынудың нақты белгісі ретінде қарастырылады.
Жетісу өңірі табиғи байлығымен дараланады. Іле және Жетісу Алатауы, Балқаш-Алакөл алабы құстардың сан алуан түріне мекен болған аймақтар. Алакөл көлдер жүйесі халықаралық маңызы бар табиғи аумақ ретінде қорғалады. Мұнда сирек кездесетін құстар тіршілік етеді. Жыртқыш құстардың ішінде ителгі халықаралық Қызыл тізімге енген, саны күрт азайған түрі. Оның азаюына заңсыз аулау мен тіршілік ортасының бұзылуы әсер етуде. Алайда дуадақ тәрізді ірі құстардың да жағдайы алаңдатарлық деңгейде.
Құстарға төнген қауіп көбіне климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы, урбанизация ықпалы, электр желілерінің қатерінен келеді. Есесіне Қазақстанда қорықтар мен ұлттық парктер жүйесі дамып келеді. Мұндай аймақтарда құстарды қорғау, зерттеу және сақтау шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.
Қорытқанда, құстар тіршіліктің тірегі. Оларсыз экожүйе үйлесімі бұзылады. Табиғатты қорғау күллі адамзатқа ортақ парыз. Сондықтан экологиялық сана қалыптасқан жағдайда ғана келешек ұрпаққа аманат етер табиғи байлық сақталады.
Айдана Айдарқызы,
Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы
облыстық тарихи-өлкетану музейі,
«Жетісу табиғаты» бөлімінің аға ғылыми қызметкері





