Рухани тарихымыздың тарғыл беттерін парақтасақ, қазақ қыздары мен қазақ әйелдері, жалпы аналар әлемі туралы толғанбаған тұлғалар сирек. «Қыз – өріс, ұл-қоныс» деп білгендіктен, қазақ халқы өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден тыйым» жасайды.
Халқымыз «қыз-қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы жауапты емес, бүкіл ел жауапты болып отырған.
Қазақ қыздарының болмысына қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, Айман, Құртқа, Назым сияқты аруларымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Аналарымыз «баланы жастан» деп, бала тәрбиесін құрсақтан бастаған. Ұлжан ана данышпан Абайды ғұсыл-дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені болып табылады.
Бүгінде батыстан бел түзеген түрлі жағдайлар біздің салт-санамызға да өз әсерін тигізіп отыр. Халқының дәстүрінен қол үзіп, рухани құндылықтарын мансұқтайтын, санасына селкеу түсірген жастар жалаң ұрандарға еліктейді. Бұл – рухани тұрғыдан әлсіретіп, дәстүрлі ұстанымнан алыстататын қауіпті құбылыс. Жаңа ғасырдағы жаңалықты қабылдау керек деп, шетелден немесе ғаламтордан көргеннің бәрін талғаусыз қабылдағаннан ұрпақ ұтылады, ұлт әлсірейді. Көргеннің көзін сүріндіретін ашық-шашық киінуден аулақ, заман ағымына лайық жарасымды киініп, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтағаннан қыздарымыздың қадірі арта түспесе, кемімейді. «Қыз – өрісің, ұл – қонысың» деп білген қазақ өрісін кеңейтетін қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қызың мінезді болсын, ұлың өнерлі болсын» дейтін халық «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деп, қызды үй шаруасына үйреткенмен, оны күңше қажытпаған.
«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең ұлыңды тәрбиеле, қоғамды тәрбиелеймін десең қызыңды тәрбиеле» деп, аз сөздің аясына мәні зор салмақты ойды сыйғызған халқымыздың дана дәстүрімен бүгінгі қоғамның заманауи жастарын тәрбиелей алсақ қой…
Жоғарыда келтірілген халық нақылдарының мәні жоғалып, маңызы төмендеген жоқ, керісінше, соны біліп, кәдеге асыратын, сөздің салмағын түсінетін адам азайып бара ма деген күдігім басым.
Ляззат МУХАМЕДЖАН
ЖУ студенті





