Астанадағы «Фолиант» баспасынан әйгілі «Қобыланды батыр» жырының балаларға лайықтап қарасөзбен жазылған нұсқасы басылып шықты. Әңгімелеуші – танымал қаламгер, Қазақстан мәдениет қайраткері Ақайдар Ысымұлы. Кітап суретші Динара Буташева салған көркем суреттермен безендірілген. Бұл кітапта «Қобыланды батыр» жыры 3 түпнұсқасының негізінде жасөспірімдердің оқуына ыңғайланып баяндалып отыр. Бұған дейін оқырман қауым «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр» жырларының осылай қарасөзбен жазылған нұсқаларын жақсы қабылдаған еді.
«Қобыланды батыр» жырының «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» сияқты эпостардан ерекшелігі – тек қазақ халқының әдеби рухани мұрасы болуы. Ал «Алпамысты» өзбек те, «Ер Тарғынды» ноғай да өз дастаны санайды. Бірсыпыра түбі бір түркітектес, тілдес башқұрт, қырғыз, ноғай, өзбек, т.б. халықтар құрамында соларға сіңіп, сол халық болып кеткен қыпшақтар болғанымен, ол халықтар «Қобыланды батыр» жырына ортақтасқан емес.
«Қобыланды батыр» жырын жырлаған ақын жырау, жыршылар кезінде өздері өмір сүрген дәуір тұрғысынан жырды толықтырып, әрлеп отырған. Сондықтан да жырдың 29 түпнұсқасы бар. Қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарыұлы 1860 жылы Марабай жыраудан «Қобыланды батыр» жырын жазып алған, жырдың ең көлемді нұсқасы да осы. Жырдың Қобыланды Тайбурылмен Қазан ханға шайқасуға шауып бара жатқан оқиғасын 1879 жылы Ыбырай ағартушы өзі шығарған «Қырғыз хрестоматиясына» енгізген. Осы Марабай жырау дастаны негізгі нұсқа ретінде алынып, Батырлар жырларында, оқулықтарда жарияланып келеді. Жырдың нұсқалары Алматыда Орталық ғылыми кітапхана қорында, Әдебиет және өнер институтының қолжазба және мәтінтану бөлімінде, сондай-ақ Қазан, Орынбор, Мәскеу, Нөкіс, Ташкент, басқа да қалалар мұрағатында сақтаулы.
Тоқтарбайұлы Қобыланды аңыз негізінде қиялдан жасалған кейіпкер емес, өмірде болған, ел қорғаған ерлік істерімен халық құрметіне бөленген және қазақ халқының қалыптасуына үлкен үлес қосқан хас батыр, қолбасшы. Қобыланды батыр ХV ғасырда Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасында, Қазақ хандығы құрылар тұста өмір сүрген. Қазақ хандығының алғашқы хандары Керей және Жәнібекпен, дала данышпаны Асан қайғымен замандас, Қазақ хандығы құрылар тұста ел тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға, яғни бүгінде тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне айналған ел ұйысуының бастауында Қобыланды батыр тұр. «Қазақ хандығы» көркем фильмінде бас кейіпкерлердің бірі Қобыланды батырдың ерлік істері жақсы көрсетілген. Қобыландының зираты Ақтөбе облысының Ресеймен шегаралас Қобда ауданында Жиренқопа ауылында, оның рухы ел шебінде Отанын мәңгі қорғап тұр.
1969 жылы бұл мазарда жатқан адамның кім екенін нақты анықтау, бас сүйегінен бет-бейнесін жасау мақсатымен антрополог Ноэль Шаяхметов бастаған экспедиция оның сүйегін қазып алып Мәскеуге әкеткен, бірақ бұл игілікті іс аяқталмай қалған. «Бітер істің басына, жақсы келсе қасына» демекші, 1993 жылы елжанды азамат Абдулла Аңламасұлы Әбенов Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне тағайындалады, сол қызметте жүргенінде батыр бабамыздың сүйегі елге қайтарылмағаны туралы жайға қанығады да, оны іздестіруді ұйымдастырады, сауапты іске бастамашы болады. Нәтижесінде ондаған жылдар бойы іздеуші ұрпағын күтіп жатқан аруақты сүйек табылып, Венгрияда ғылыми сараптамадан өтіп, дәлелденіп, елге жеткізілді. Қазақ хандығын құруға белсене атсалысқан қаһарман халық батыры Қобыланды 37 жылдан кейін 2006 жылғы 26 тамызда өзі қорғаған мәңгілік атажұртына қайта жерленді.
Мәскеулік антрополог мамандар батырдың бас сүйегі бойынша оның бетбейнесін жасап берді, енді оның суреті де бар. Мүсінші Мұратбай Үмбетов жасаған батырдың үлкен ескерткіші 2009 жылы Қызылорда қаласында орнатылды. Тағы бір ескерткіш Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш Халық Қаһарманы, армия генералы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың демеушілігімен Түркістан облысы Сауран ауданының Еңбекші Дихан ауылында 2024 жылы мамырда орнатылды. Ақтөбе қаласындағы мыңдаған адамдық үлкен стадионға, Астанада, басқа да қалаларда көшелерге Қобыланды батырдың аты берілген. Әйтседе мәңгі ескерткіш – ғасырлардан аман жеткен халықтық дастан «Қобыланды батыр» жыры.
Қадірлі оқырман, қаһармандық эпос жас ұрпақ ыңғайына лайықталып жаңаша баяндалып ұсынылып отыр.
А. ҚОСПЕНБЕТҰЛЫ
Астана қаласы
Фото: didarbek.kz