Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Сақ стилі» банкноттардың жаңа сериясы» атты брифинг өтті. Онда ҚР Ұлттық Банкінің облыстық филиалының бастығы Фархат Тиналиев Қазақстанның Ұлттық валютасындағы сақ мәдениетінің символдық элементтері мен олардың маңыздылығын таныстырды.
Жаңа шығарылым елдің тарихын дәріптеуге арналған. Сақ стиліндегі банкноттар – тек ақшалай құндылық қана емес, сонымен қатар ұлттық тарих пен мәдени мұраны насихаттайтын маңызды элемент. Бұл стиль ұлттық болмысты ұлықтап, Қазақстанның бай тарихына құрмет көрсетуді білдіреді. Сонымен қатар, сақ өнерінің элементтері елдің заманауи мәдениетіндегі бірегейлікті айқындап, болашақ ұрпаққа сақ мәдениетінің құндылықтарын жеткізуге ықпал етеді. Брифинг барысында мамандар сақ стилінің Ұлттық валютада бейнеленуінің маңыздылығына назар аударды. Олар сақтардың жануар стилі, табиғат элементтері мен батырлық бейнелері Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұлттық болмысын айқындау мақсатында арнайы таңдалғанын жеткізді. Бұл символдар тек тарихи құндылықты ғана емес, сонымен қатар ұлттық рухты көтеріп, елдің егемендігін бейнелейді. Қазақстанның алғашқы банкноттарында «сақ стилі» жарқын көрініс тапқан. Мысалы, 1 теңге мен 10 теңгелік банкноттарда сақ жауынгері мен «Алтын Адам» бейнелері орналасқан. Ұлттық Банк өкілдері осы бейнелердің еліміздің тарихындағы символикалық мәніне ерекше тоқталды.
Брифингте символдардың тарихи мәні мен олардың қазіргі қоғамдағы рөлі терең талқыланды. Алдағы уақытта да Қазақстанның Ұлттық валютасы сақ дәуірінің мәдени мұрасын насихаттап, ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы басты элементтердің бірі болып қала бермек.
Арсен ҚАЗТАЙ,
ЖУ студенті
Коллаж: Azattyq Rýhy





