Кейде адамға көп нәрсе айтудың қажеті жоқ. Бірауыз сөз, бір көзқарас, бір ғана үнсіздік жүректе талай ойдың есігін ашады. Театрдың құдіреті де осында. Ол дайын жауап ұсынбайды, керісінше, өз-өзіңе сұрақ қойғызады. Көрерменге жол тартқан Әлішер Рахаттың «Туған күніңізбен, Анашым!» спектаклі осындай ойдың жетегіне жетеледі.
Режиссер Назым Өтеулинова сахналаған қойылымның өзгеше бір ерекшелігі сахна мен көрермен арасындағы шекараның жойылуы. Көрермен залдың қараңғы түкпірінде емес, оқиғаның дәл жанында отыр. Сахнаға үш қатар болып орналасқан жұрт кейіпкерлердің әр сөзін, қимылын жақыннан қабылдады. Бәлкім, қойылымның әсерін күшейткен алғашқы қадам да осы шығар. Себебі отбасы деген алыстан тамашалайтын сахна емес. Оның әр қуанышы мен реніші, күлкісі мен өкініші адам өміріне тым жақын.
Қойылымдағы үш ағайынды – Ердәулет, Бақдәулет және Сырым. Олардың үшеуін бір шаңырақ, бір ана, бір балалық шақ байланыстырады. Бірақ уақыт өте әрқайсысы өз жолына түсіп, өмірдің әр қиырында жүріп, жүректе қалған кейбір өкпе мен реніштің араға сызат түсіргені аңғарылады. Оқиға қарапайым ғана ниеттен басталады. Үш ағайынды анасының туған күніне тосынсый дайындағысы келіп, шешелері үйге келгенше бәрін әзірлеп үлгермек болады. Алайда кейде адам бір жақсы күнді ұйымдастыруға кіріскенде, өзі байқамай жүрегінде көптен бері жасырып жүрген шындықтың есігін ашып алады. Үш бауырдың әңгімесі де бірте-бірте туған күннен алыстап, өзара қарым-қатынасқа ойысады. Бірінің сөзіне бірі өкпелі, бірінің әрекетін бірі түсінбейді. Анаға деген махаббаттары ортақ болғанымен бір-біріне деген өкпе-наздары бөлек. Сол сәтте көрермен алдында бір шаңырақтың ғана емес, өмірде талай кездесетін отбасылық қарым-қатынастың шынайы суреті пайда болады. Бір үйдің балалары неге бір-бірінен алыстайды? Неге біз ең жақын адамдарымызға айтатын жылы сөзді кейінге қалдырамыз? Неге ананың күн сайынғы қамқорлығын ерекше дүние емес, қалыпты міндет секілді қабылдаймыз? Қойылым бұл сауалдардың ешқайсысына тікелей жауап бермейді. Алайда көрерменді сол сауалдармен жалғыз қалдырады.
Спектакльдегі «Анамыз қайсыбіріңе келіп, қарыз төлей алмай жатырмын, осындай қиындық көріп жатырмын деп жылап еді?!» деген сөз де осындай ойдың салмағын сезіндіреді. Ана баласының мұңын өз мұңындай қабылдайды. Баласы сүрінсе, оның жүрегі ауырады, қуансa одан артық бақыт жоқ. Ана баласының ауыртпалығын үнсіз көтеріп жүре береді. Бірақ бала сол үнсіз қамқорлыққа үйреніп кетеді. Анасының «қалайсың?» деген сұрағын күнделікті еститін сөзге айналдырады. Телефонның ар жағындағы дауысын қалыпты деп санайды. Ал бір күні сол дауыс естілмей қалғанда ғана оның өміріндегі ең қымбат үн болғанын түсінуі мүмкін. Қойылымның жүрекке жетер тұсы да осында.
Сонымен қатар спектакль ауыр ойға ғана құрылмаған. Тұрмыстық әзілдер, жеңіл диалогтар қойылымға өмірдің өзіне тән табиғи тынысын береді. Сахнадағы күлкі залға да тарап отырды. Кей тұста көрерменнің өзі оқиғаға араласып, кейіпкерлермен бірге қалжыңдасып кеткендей әсер қалдырды. Анасының үйге әлі келмегені сөз болған сәтте залдан «Түнгі ауысымға шығып кетті ме екен?» деген әзілдің естілуі көрермен мен сахна арасындағы шекараның жойылғанын аңғартты. Залда аналар мен аға буын өкілдерінің көп болуы да ерекше әсер қалдырды. Өйткені олар сахнадағы оқиғаны жай ғана көріп отырған жоқ еді. Бәлкім, біреуі сахнадан өз отбасын көрді. Біреуі бауырын есіне алса, біреуі анасының айтқан сөзін ойлады. Ал енді бірі дәл қазір телефон алып, үйдегі анасына қоңырау шалғысы келген болар. Сахнадағы оқиға аяқталғанымен оның көрермен жүрегіндегі жалғасы сол жерде басталғандай.
Театр кейде адамның жан- дүниесін айнадай етеді. Бұл спектакль де көрерменге сондай айна ұсынды. Сахнадағы үш ағайындының әңгімесінен әркім өз өмірінің бір үзігін табуы мүмкін. Себебі ана мен бала арасындағы байланысқа ортақ өлшем жоқ. Бұл әр адамның жүрегінде жеке жазылған хикая. Премьера соңындағы көрермен ықыласы да осыны аңғартқандай.
«Туған күніңізбен, Анашым!» бір ғана күннің оқиғасын баяндайтын спектакль емес, бір шаңырақтағы адамдардың бір-біріне деген мейірімі, өкпесі, сағынышы мен махаббаты туралы сыр. Спектакльден шыққанда көңілде бір ғана ой қалады: Анаға деген махаббатты ертеңге қалдырмайық. Өйткені ана үшін ең үлкен сыйлық қымбат дүниенің өзі емес, баласының жанында болып, оның жүрегінен шыққан бірауыз жылы сөзін есту.
Ақмарал ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
ЖУ-дің білімгері





