Сарапшылар Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйене отырып, зерттеу жүргізді.
Белгілі болғандай, биылғы II тоқсанда халықтың ет және ет өнімдерін тұтыну көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға өскен. Мәселен, бір адам тоқсанына 20 келіге жуық осы өнімді пайдаланған. Сонымен бірге жеміс-жидек пен көкөніс, сүт өнімдері және тәттілер бойынша өсім байқалады.
Ал ұн өнімдері мен дәнді дақылдарды тұтынуды азайтқан тұрғындар май мен жұмыртқа жеуді де төмендеткен. Алайда, бұл ел бойынша тұтынудың орташа көрсеткіштері болып саналады. Нақты жағдайды бағалау үшін бай және кедей қазақстандықтардың қалай қоректенетінін салыстырып көрейік.
Мәселен, бір тоқсан ішінде аз қамтылған қазақстандық 10,5 келі немесе күніне 116 грамм ет жейді. Ал байлар тоқсанына 35,7 келі, күніне 396 грамм ет тұтынады. Яғни, мұндағы айырмашылық 3,4 есеге көп. Бай тұрғынның тағамдарына балық пен теңіз өнімдері де молынан кіреді. Дәруменге бай мұндай тағам түрлерін қолдану оларда тоқсанына 6,7 келіні құраса, күніне 73,3 грамм, ал кедейлерде бұл тоқсанына 1,6 келі, күніне 17,7 грамм, айырмашылық 4,2 есеге жоғары. Сүт пен сүт өнімдерін тұтынуда да өзгерістер бар. Егер ауқатты адам орта есеппен тоқсанына 104,8 келі, күніне 1,1 келі сүттен жасалған тағам түрлерін жесе, онда кедей 30,9 келі, күніне 343 грамм ақ өнім тұтынады.
Үш ай ішінде еліміздегі аз қамтылған тұрғын ағзасына 29 жұмыртқа, яғни, күніне жұмыртқаның жартысынан азын бере алды. Ал ауқатты адам тоқсанына 2,8 есе, 82,9 дана, күніне 1 данадан сәл төмен тұқым жеуге мүмкіндігі бар. Көкөністерге келетін болсақ, бұл жерде айырмашылық 2,6 есеге көп. Мәселен, кедей қазақстандық тоқсанына картопты есептемегенде 12,3 келі, байлар тоқсанына 32,9 келі көкөніс жейді. Бай адамдар, сондай-ақ, кедейге қарағанда, жеміс-жидектерді молынан тұтынуға мүмкіндігі жетеді.
Айгүл Байжұмақызы
Фото: ult.kz





