Сарқандықтардың жылдар бойы күткен үмітінің ақталатын күні таяу қалды. Біз үшін жағымды жаңалық ретінде Жетісу облысында «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы жоспарланған мерзімінен бұрын аяқталғанын айтуға тиіспіз.
Республика күні қарсаңында Үшарал автоматты газ тарату станциясында өткен салтанатты шарада облыс әкімі Бейбіт Исабаев көгілдір отынның алауын жағып, жобаның маңыздылығын атап өтті. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жобалардың бірі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асқан бұл ірі инфрақұрылымдық жобаны «QazaqGaz» ұлттық компаниясы іске асырды.
Осы сәтте, облыс әкімімен бір уақытта Сарқан ауданында да екі автоматты газ тарату станциясында (АГТС) көгілдір отынның алауы жағылды. Оның бірі – Сарқан қаласының маңында, екіншісі – Бақалы ауылының тұсында орналасқан.
Сарқан ауданындағы салтанатты рәсімге аудан әкімі Ғалымжан Қанатұлы Маманбаев қатысып, көгілдір отынның алауын жағып, жұртшылықты бұл маңызды тарихи сәтпен құттықтады.
«Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының іске қосылуы нәтижесінде Сарқан, Ақсу және Алакөл аудандарындағы 80-нен астам елді мекеннің 130 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді.
Бұл жоба өңір халқының өмір сапасын арттырып, әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін берері сөзсіз.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.





