Жолшылар жаңа асфальттың жанына ауыр жүк көліктеріне арналған бөлек жол салды. Трассаға көліктің салмағын автоматты түрде өлшейтін жүйе орнатылды. Бұған дейін Сарыөзектен Алтынемел асуына дейінгі 50 шақырымдық бөлігі жүргізушілерді біраз әбігерге түсірген еді. Жақын орналасқан карьерден цемент зауытына әктас таситын ауыр жүк көліктерінің кесірінен мұнда шұңқырлар мен ойықтар жиі пайда болған-ды.
Осыған байланысты Президент 2022 жылы 2 жыл ішінде жолды жөндеуді тапсырған болатын. Сол жылы жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа асфальт төселгенімен жүк көліктері оны қайта бұзды. Былтыр жағдай түзеле бастады. Жергілікті билік қосымша 7 миллиард теңге бөліп, мердігерлерге ауыр жүк көліктері үшін бөлек қиыршық тас қосылған жол салуды міндеттеді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, Сарыөзек – Көктал трассасындағы жұмыс толық аяқталды. Ұзындығы 178 шақырым жол ашық. Сарыөзек пен Алтынемел асуының арасында ауыр жүк көліктеріне арналған бөлек жол пайда болды. Мамандар Қойбын шатқалында Көмбе өзені арқылы өтетін жаңа көпір тұрғызып, пайдалануға берді.
Сарыөзек, Қоңырөлең және Ақжазық елді мекендерінің маңында жарық жүйесін іске қосты. Жаяу жүргіншілер өткелі мен жол белгілері жаңартылды. Жұмысшылар трассаның 50 шақырымына көлік салмағын автоматты түрде өлшейтін жүйені іске қосып, тағы біреуін 7 шақырымға орнатып жатыр.





