Сәтбаев университетінде университеттің ұстазы, Білім беру саласының үздігі төс белгісінің иегері, Қазақстан инженерлік мектебінің көрнекті өкілі Жәмиға Орманованың құрметіне арналған аудитория ашылды. Салтанатты шараға оның туған-туыстары, әріптестері мен шәкірттері қатысты. Аудиторияның ашылу салтанатында университет ректоры Мейрам Бегентаев сөз сөйлеп, осы істі жүзеге асыруға атсалысқан барлық жандарға алғыс білдірді.
– Жәмиға Орманова атындағы аудиторияны аша отырып, біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастырамыз, әрі өзінің мамандығына деген адалдығымен ерекшеленген ұлы тұлғаны қазіргі студенттерге үлгі етіп көрсетеміз. Осы аудиторияда білім алатын әрбір студент Жәмиға Ормановадан өнеге алып, адамгершілік пен адал еңбекке талпынады деп сенемін, – деді ректор.
Жәмиға Ғалиқызы Орманова – тау-кен инженері, маркшейдер, жазушы және аудармашы, белгілі қаламгер Ғали Ормановтың қызы. Ол өзінің 40 жылдан астам өмірін Сәтбаев университетіне арнады. 1954 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын тәмамдап, кейін аспирантураны да осы оқу орнында аяқтады.
Ұзақ жылдар бойы «Геодезия», «Маркшейдерлік ісі», «Тау-кен жұмыстарының әсерінен жер қыртысының және жер бетінің ығысуы», «Топографиялық және маркшейдерлік сызу» пәндерінен дәріс оқып, көптеген инженер мамандарды тәрбиеледі. Сондай-ақ Қарағанды көмір бассейні мен Текелі қорғасын-мырыш комбинатындағы жер қыртысының ығысу үдерістерін зерттеумен айналысып, 30-дан астам ғылыми еңбек жариялады.
Ол әрдайым студенттер бойында ғылымға, ізденіске және мамандыққа деген сүйіспеншілікті оята білген. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, ұстаз есімін зор құрметпен еске алады.
Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ұлықпан Сыдықов, техникалық ғылымдар докторы, профессор Маржан Нұрпейісова, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мағира Қожахметова, жиен немересі Айдар Қырықбайұлы және ұстаздың шәкірттері қатысты.
Жәмиға Ғалиқызы Орманованың есімі берілген аудиторияның ашылуы – университет тарихындағы ерекше әрі рухани мәні зор оқиға ретінде есте қалды.







