Вакциналау – малды әртүрлі жұқпалы аурудан қорғаудың ең тиімді жолы. Ол арқылы малдың иммундық жүйесі күшейіп, індет таралуының алдын алады. Егер малға уақытылы егу жүргізілмесе түрлі қауіпті ауру таралуы мүмкін. Мұндай аурулар шаруашылыққа үлкен экономикалық шығын әкеліп қана қоймай, адам денсаулығына да кері әсерін тигізеді.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл вакциналау мен диагностикалық зерттеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын тізбеге енгізілген 14 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы жүргізілген. Бұл іс-шаралар аймақта эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және адамдар мен жануарларды сібір жарасы, аусыл, түйінді дерматит, пастереллез, эхинококкоз, оба, күл, зілді домбығу, анаэробты энтеротоксемия, құстың жоғары патогенді тұмауы, құтыру, қарасан, бруцеллез секілді жұқпалы аурулардан қорғауға бағытталған.
Профилактикалық іс-шаралардың жылдық жоспарын орындауға қажетті вакциналармен толық қамтамасыз етілген. Бекітілген 10 айлық жоспар бойынша вакциналау жұмыстары 100%-ға орындалған. Мамандардың сөзінше, ауруды емдегеннен гөрі алдын алған жөн. Сондықтан, әрбір мал иесі өз шаруашылығындағы мал басын дер кезінде ектіріп, денсаулығын бақылауда ұстағаны дұрыс. Ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар аудандық және қалалық ветеринариялық стансыларға қарасты округтердің ветеринариялық пункттерінің мамандарымен іске асырылады.
Бүгінде облыс аумағында эпизоотиялық ахуал тұрақты және үнемі бақылауда. Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы диагностикалық және профилактикалық жұмыстардың уақытылы және сапалы орындалуы үшін ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабында көрсетілген міндеттерге сәйкес ветеринария мамандарының қызметтік міндеттерін атқаруға көмек көрсету керек. Осыған байланысты туындаған барлық сұрақ бойынша ветеринария басқармасының 8(7282) 32-94-62, 8(7282) 32-90-72 телефон нөміріне немесе тікелей аудандық, қалалық ветеринариялық стансыларына және ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттерге хабарласуға болады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





