Талдықорғанға қарасты 3-ші бөлімшенің тұрғындары кешті айғай-шумен батырды. Қала әкімі Ернат Бәзілді күте-күте көздері төрт болып, оның жіберген орынбасарының сөзіне құлақ аса қоймады. «Әкім өзі неге келмейді, сенің құр уәдеңе тойып біттік» деген көпшілік Қуаныш Сейтімбетовке сөз бермеді. Сөйлеуін қаламады. Бұлтартпай ұстап сөзбен бұрау салған халыққа «жиналыс онда аяқталды, жиналыс жоқ десеңіздер жоқ» деп орынбасар әу баста осылай бұлқынды.
Көпшіліктің ортасында жүретін шаһар басшысы бұл жерге неге келе қоймады деген көкейде сұрақ туындады. Шенеуніктің жиылған жұртқа жұмада да, дүйсенбіде де төбе көрсетпей кетуінде нендей мән бар?! Халық Құдайдың бір аты болса, жер бетінде Жаратқаннан да үлкендер бар ма еді әлде? Қала әкімі Ернат Бәзілдің келмейтініне көздері жеткен бұқара амалсыздан орынбасардың сөзін тыңдады.
– Әкім осы апта бола алмайды. Біріншіден ол кісі қазір жиналыста отыр. Алдағы жиындарда болады, соған келіп қатысыңыздар, – деген Қуаныш Сейтімбетов жиналғандардың ашуын көтерді.
«Әкімнің бірінші жұмысы халық емес пе? Жиналысы біткен соң келсін» – деп қалың қараша тағы үн қатты.
Сасқан үйректің кебін киді ме: «ол ақша іздеп жатыр» – деді орынбасары.
«Ой, бұдан пайда жоқ» – деген қауым Қуаныштан күдерін үзгендей күйге түсті.
Қат-қабат мәселенің түйіні шешілмей келе жатқанына 3 айдай уақыт болған. Даурыққан жұрттың дегбірі қашыпты. Тұрғындар қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетовтің 2 ай бұрын берген уәдесін есіне түсіріп, «бетіңе жұмыртқа жарайық па, енді қайтеміз» деп күйінді.
– Әкім орынбасары Қуаныш бізге жол мәселесін 2 айдың ішінде шешіп берем деген. Сәуір айында бастап, маусым айының 1-де автобус бөлімшеге кіреді деп уәде еткен, алайда сөзінде тұрған жоқ. Өзінің аузынан «егер келесі келгенде жұмыстар бітпейтін болса менің бетіме жұмыртқа лақтырыңдар» деген сөз шықты. Ол кісіге бізге қала әкімі Ернат Бәзілдің өзі келсін, сіз ештеңе шеше алмайсыз деген болатынбыз. Жұма күні жиналатын болдық әкім келер деп. Бірақ бұл кісілер дүйсенбі күні әкімнің өзі келетінін айтты. Көріп тұрсыздар әкім бүгінде келмеді, – дейді 3-ші бөлімшенің тұрғыны Мадина Нұрланқызы.
Жиналған көпшілік жарықтандырудың нашарлығын, жол жасалмағанын, автобус аялдамасы жоқтығын, қоқыс уақытында шығарылмайтынын, қаңғыбас иттердің көшеде өріп жүретінін айтып, наразылық танытты. Мәселелерін жіпке тізкендей етіп баяндаудан жағымыз талатын болды дейді олар.
– Біздегі басты мәселе жол. Оқу жылының басталуына 1 ай қалды. Автобус жүретін жолды жасаймыз дегендеріне 3 ай болды. Әлі жасалмады. Сабаққа баратын оқушыларға, қарттарға, мүгедектерге автобус аялдамасына жету қиындық туғызады. Алыс десек болады. Автобус оның үстіне сыртпен жүреді, ішке кірмейді. Кейде уақытында келмейді. Балаларға тоқтамай кетеді, – дейді Айнұр Дәулетханқызы.
Көпшілік сөз бермеді деп әкім орынбасары да еш қысылмады. Мұндай дау-дамайларға еті үйренгендіктен болар, ағытыла сөйлеп кетті. Қаңғыбас иттердің мәселесі ертең шешілсін, көшелердегі жарық бағаналарының шамы таңға дейін жанып тұратын болсын деп қоластындағы мердігерлерге тапсырма бере бастады. Ал, қоқыс шаруасы келер жылдың басынан бастап шешімін табатын болды. Биылдыққа бұл мәселе бәз қалпында қала тұрады деді.
– Негізгі көшелердің жұмыстарын бастаймыз дегенбіз. 2 айдың ішінде аяқтаумыз керек болған, кемшілік болды оны мойындаймыз. Себебі қаржының үнемделуіне байланысты. Ақшаны қазіргі таңда орнына алдық. 1 тамыз айынан жұмыстар қайта басталады. Тамыздың 20-на дейін автобус жүретін 4 көшені толықтай аяқтауға тырысамыз. Қалған көшелер келер жылға қалады, – деді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.
Алайда шенеуніктің бұл сөзіне халық илана алмады. Құр уәдемен алдай бермеңдер деген пікір айтылды.
Сөзбен іс тынбасын ұғынатын бұқара әкім орынбасарын алдыға салып көшелерді аралауға аттанып кетті. Жолдың жай жапсарын көзбен көрсін деп 2-3 көшені жаяу аралады. Шұбырған көштің басы құрылысы аяқталмаған көпірге барып тоқтады. Халықтың жан айқайы бұл жерде де шықты.
– Мына көпірді қашан бітіресіздер? Ертең бетон құя салмақшысыздар оның ішінде байланған бір арматур, не темір жоқ. Құр бетон қашанға дейін шыдас беріп тұрмақ? Жасаған көпірлеріңіз ертең сапасыз болып, осы жерге автобус құлап жатса не істемексіздер? – деген жұрттың сауалына жауап болмады.
Амал қанекей? Тұрғындардың әкімді шақыратын жөні бар екенін осы жерден аңғардық. Халық айтса қалт айтпайтын сөзінің көрінісі көз алдымыздан көлбең ете қалды. Осы істің басы-қасында жүрген жауапты басшының сөзін тыңдап көрдік.
– Басқа обьектіден ақшаны алып осы жерге қойғызамыз. Оған дейін мұндағы құрылысшылар жұмыстарын жасай береді. 20-шы тамыз бітпесек тағыда көшеге шығасыздар, – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрбақыт Алтынбеков.
«Жауаптылар халықты көшеге шығаруға неге құштар? Көшеге шығармай-ақ шаруа тындыруға болмай ма сонда?» – дейді жиналғандар. Білдей бір басшының мұндай сөзіне аңтарылмасқа амалы қалмады. Халықпен ойнауға болмайтынын шенеуніктер түйсінетін күн жетті емес пе?!
– Не такси келмейді, не көлігімізді үйге жеткізе алмаймыз. Айналаның бәрі шұңқыр, қазбаған жерлері жоқ. Ол жерден бала да, үлкен де өте алмайды. Басқасы былай тұрсын жүретін жолды ретке келтіріп беруге болады ғой. 1-ші көше мен 14-ші көшенің жолдары шұрық тесік. Тезірек асфальт салып беріңіздер, – дейді Бақытжан есімді азамат.
Халықтың базынасын басшылық естір. Қарекетін қылып, мәселелерін шешіп берер деген тілек бар. Елдің нанын жегендердің қамында жей білуі маңызды. Жұрт әкімдікке жетем дегенше, әкімнің елге бірінші жеткені әлдеқайда абзал болмақ.
Медет ЖҰМАБАЙ